Павлодарда Қаныш Сәтбаевтың рухына тағзым етілді

Павлодарда Қаныш Сәтбаевтың рухына тағзым етілді
Фото: Валерий Бугаев

Биыл ғалымның туғанына 127 жыл толып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бүгін елімізде Ғылым күні аталып өтуде. Бұл күн қазақ ғылымының негізін қалаған ұлы тұлғалардың бірі, жерлесіміз, академик Қаныш Сәтбаевтың туған күнімен қатар келеді. Осыған орай шаһарда еске алу және құрмет көрсету шаралары өтті. Іс-шараға облыс әкімі Асайын Байханов, қала әкімі Хасар Хабылбеков, сондай-ақ Ертіс-Баян өңірінің зиялы қауым өкілдері ғалымның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. 

Қаныш Сәтбаев – қазақ ғылымының дамуына ерекше еңбек сіңірген тұлға. Ол Қазақстандағы геология ғылымының негізін қалаушылардың бірі, Қазақстан Ғылым академиясының алғашқы президенті және ұлттық ғылымның қалыптасуына үлкен үлес қосқан ғалым ретінде тарихта қалды. Оның есімі қазақ елінің ғылымы мен өнеркәсібінің дамуымен тығыз байланысты.

Өңірдің құрметті азаматы, ғалым, педагогика ғылымдарының докторы Еңлік Жұматаеваның айтуынша, академик – тек ғалым ғана емес, тұтас бір дәуірдің символы.

– Қаныш кішкентайынан тау-тастарды аралап, олардың түрлерін ажыратуға тырысқан. Ол тек қана ғылыммен емес, сонымен қатар музыкамен де айналысқан. Бірнеше аспапта шебер ойнап, халқымыздың көне әуендерін нақышына келтіріп керемет орындайтын. Қазақ халқына қосқан тағы бір үлкен үлесі алгебра оқулығын жазды. Оқу құралын қазақша жазу – бұл ғылымның басын түйістіріп бір кітапқа енгізу үлкен еңбек. Біз әлі күнге дейін бұл нұсқадағы оқулықты пайдаланып келеміз. Осындай азамат қазақ халқында қайта туа ма, жоқ па белгісіз, – деді ол.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым туралы ұлттық кеңесте сөйлеген сөзінде Қаныш Сәтбаевтың еңбегін ерекше атап өткен еді.

– Қаныш Сәтбаевты – қазіргі қазақ ғылымының атасы деуге болады. Қаныш Имантайұлы халқымыздың біртуар перзенті. Еліміз әлі күнге дейін оның ғылыми жаңалықтарының игілігін көріп отыр. Қаныш Сәтбаев өмірі қазақ халқына адал қызмет көрсетудің жарқын белгісі. Халқына деген шексіз сүйіспеншілігі мен ғалымға деген адал қызметі жастарға үлгі, – деді Президент.

Ғалымның өмір жолы – еңбекке, білімге және елге қызмет етудің жарқын үлгісі. Бала кезінен Баянауылдың тасты-таулы өлкесінде өсіп, табиғатқа деген қызығушылығы арқылы ғылымға бет бұрған. Оның табандылығы мен ізденісі қазақ ғылымының дамуына жол ашты.