Ақсу көшелерінде есірткі граффитиіне қарсы рейд жүргізілді
Іс-шараға полиция қызметкерлері, прокуратура өкілдері мен еріктілер қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу қаласы полиция бөлімінің қызметкерлері прокуратура өкілдері және еріктілермен бірлесіп, есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты ақпаратты қамтитын жазбалар мен бейнелердің орналастырылуына жол бермеуге және оның алдын алуға бағытталған профилактикалық рейдтерді жалғастыруда.
– Рейдтік іс-шаралар барысында қатысушылар қала көшелері мен қоғамдық орындарға мониторинг жүргізіп, тыйым салынған заттарды жарнамалайтын немесе насихаттайтын, сондай-ақ оларды тарату тәсілдері туралы ақпарат қамтылған жазбалар пайда болуы мүмкін орындарға ерекше назар аударды, - деп атап өтті қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі бастығының орынбасары Ержан Мурсалимов.
Шараның негізгі мақсаты – осындай фактілерді дер кезінде анықтап, жолын кесу, сондай-ақ азаматтардың есірткінің заңсыз айналымына ықпал ететін ақпаратты таратудың құқықтық салдары туралы сауатын арттыру.
Рейд барысында халықпен профилактикалық жұмысқа ерекше көңіл бөлінді. Тәртіп сақшылары мен прокуратура өкілдері азаматтарға есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты ақпаратты орналастыруға, таратуға және ашық қолжетімділікте сақтауға жол берілмейтінін түсіндірді. Сондай-ақ мұндай құқық бұзушылықтар үшін көзделген жауапкершілік туралы еске салды.
Еріктілер жастар арасында қауіпсіздік пен салауатты өмір салтына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға бағытталған профилактикалық жұмысқа белсенді қатысты.