Павлодар ауданының батыл шенеунігі тағы көзге түсті

Павлодар ауданының батыл шенеунігі тағы көзге түсті
Фото: автор

Осы жолы әдеп жөніндегі кеңес пен прокуратура оның ісінен тағы бір мін тапты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аудандық прокуратура экономиканың нақты секторының басшысы Рустем Сүлейменовтің Қаракөл ауылындағы су құбыры құрылысын жүргізген «Спецстрой Групп ЛТД» ЖШС қатысты сот шешімін қайтарып, фирманың мүлкі мен қаражатына қойылған тыйымның күшін жоюға жол бергенін анықтаған. 

Аталмыш ауылда су құбыры салынған. Жұмыстар кейбір олқылықтарды есепке алмағанда аяқталған, халық ауызсуға қолы жетті. Бұл туралы әдеп жөніндегі кеңестің алдынғы отырысында аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Бақытбек Баткеев те айтқан. Бірақ прокуратура мен әдеп жөніндегі кеңес мүшелері құрылысты жүргізген «Спецстрой Групп ЛТД» ЖШС қатысты сот шешімін неліктен тоқтатуға тырысқанын түсінбеді.

- Маған мердігерден кепілхат келді. Олар егер мүлкімізге қойылған тыйым алынып тасталса, мемлекетке келтірілген шығынды өтеуге дайынбыз деді. Мен осы мақсатпен жауапкершілікті тағы мойныма алып, тыйымды алып тастауға хат жолдадым. Иә, су құбыры бойынша бірқатар олқылықтар бар, бірақ олар тым ірі емес. Бастысы таза ауыз су ауыл тұрғындарына берілуде, құбыр істеп тұр, - деді Рүстем Сүлейменов.

Кеңес мүшелері өте ауыр жағдайда қалды. Бір жағынан мемлекеттік қызметші тағы ереже бұзушылыққа барып тұр, екінші жағынан – ол батыл іске кірісіп, ақшаның мемлекеттік бюджетке қайтарылуын қамтамасыз етті. Айта кетелік, мердігер өз уәдесіне сәйкес, қазынаға 30 миллион теңге қайтарып үлгерген. Сотта оның барлығы 342 миллион қайтарылуы тиіс деп талап етілуде.

Кеңес мүшесі, қалалық мәслихат депутаты Қобыланбек Қожин де шенеунікке түсіністікпен қарауға шақырды. Ол Рүстем Сүлейменовке мемлекеттік қызметке толық емес сәйкестік түрінде жаза қолдануды ұсынды. Кеңес мүшелері көпшілік дауыспен бұл шешімді қолдады.

Естеріңізде болса, маусымда аталған мемлекеттік қызметшіге қатысты дәл осындай шешім қабылданған еді. Онда ол техникалық бақылау ұйымының рұқсатынсыз мердігер берген актілерге қол қойып, оның шотына келісім-шарт бойынша қаражаттың бір бөлігін аударған. Алайда, ол сол кезде өз қадамын су құбырын аяғына жеткізіп, адамдарға су беру қажеттілігін түсіндірген еді.