Павлодарда өндірілген ұнға шетелде сұраныс жоғары
Өнім төрт елге экспортталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Жан-Дос KZ» ЖШС – Павлодар облысында орналасқан, астықты қайта өңдеп, жоғары және бірінші сұрыпты бидай ұны мен кебек өндіруге маманданған кәсіпорын.
Компания жаңа өндірістік кешенді нөлден бастап, өз қаражаты есебінен салған. Бұған дейін бұл жерде бос жатқан егістік алқабы болған. 2017 жылы басталған құрылыс жұмыстары үш жылға созылып, 2020 жылы негізгі құрылыс аяқталған. 2021 жылдан бастап кәсіпорында іске қосу-баптау жұмыстары жүргізіле бастаған. Кейін өндіріс кезең-кезеңімен кеңейтіліп, 2022-2024 жылдары толыққанды жұмыс қарқынына көшті. Ал 2025 жылы ұнды шағын қаптамаға арналған желі іске қосылды.

Қазір кәсіпорын аумағында құрылыс жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Компания өндірісті одан әрі ұлғайтуды көздеп, бірнеше инвестициялық жобаны қатар жүзеге асыруда. Соның бірі – екінші зауыттың құрылысы.
2026 жылы кәсіпорын айналым қаражатын толықтыру мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Кепілдік қоры-1 бағдарламасы аясында қолдау алған.
Кәсіпорынның өндірістік қуаты тәулігіне шамамен 120 тонна ұн өндіруге мүмкіндік береді. Айына орта есеппен 3,5 мың тоннаға жуық өнім шығарылады. Оның 85 пайызы шетелдік нарықтарға жөнелтіледі.
Негізгі экспорттық бағыттар – Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Ауғанстан.
Кәсіпорынға шетелдік серіктестер де жиі келеді. Олар үшін мұндай сапар өндіріс барысымен танысып, өнім сапасына өз көздерімен көз жеткізуге мүмкіндік береді.
– Біздің ұнымыз Ауғанстан нарығында жоғары сұранысқа ие. Бүгін де сол елден келген қонақтарымыз бар. Клиенттер кәсіпорынға келіп, өндіріс барысын өз көздерімен көргісі келеді. Кейбір серіктестеріміз бізбен екі жылдан бері жұмыс істеп келеді. Соған қарамастан кәсіпорынға арнайы келіп, өндірісімізбен жақынырақ танысып, өнім сапасына көз жеткізеді, – дейді «Жан-Дос KZ» ЖШС директоры Жанар Серимова.
Қазіргі уақытта кәсіпорын өнімдері бөлшек сауда дүкендерінде кең көлемде сатылмайды. Қазақстандағы негізгі тұтынушылары – нан және нан-тоқаш өнімдерін, сондай-ақ макарон өнімдерін өндіретін кәсіпорындар.
Дегенмен компания алдағы уақытта бөлшек сауда нарығына шығуды жоспарлап отыр.

Кәсіпорында сапаны бақылауға арналған шағын наубайхана да бар. Мұнда ұнның сапасы күн сайын тексеріліп, одан нан және басқа да өнімдер пісіріледі. Бұл өнімдер дүкендерде сатылмайды, негізінен өндірістің сапасын бақылау үшін пайдаланылады. Сонымен қатар, кәсіпорын жұмысшыларына ұсынылады.
Бүгінде кәсіпорында шамамен 40 адам еңбек етеді. Алайда өндіріс үшін білікті мамандардың жетіспеушілігі сезіледі.
Осы мәселені шешу мақсатында «Жан-Дос KZ» компаниясы Павлодар облысының Өңдеушілер қауымдастығымен бірлесіп, қажетті мамандықтарды колледждерде қайта ашуға бастамашы болды.
Атап айтқанда, элеватор, ұн, құрамажем және жарма өндірісіне қажетті технологиялық мамандарды даярлау мәселесі көтерілді. Бұл бағыттағы мамандықтар бұған дейін шамамен 35 жыл бойы колледждерде оқытылмаған.
Нәтижесінде өткен жылы технологиялық колледжде тиісті жаңа мамандықтар ашылды. Студенттер үш жыл білім алып, кейін өндірісте жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Кәсіпорын олардың өндірістік тәжірибеден өтуіне де жағдай жасауды жоспарлап отыр.
Жанар Серимова мамандар даярлауға арналған оқу бағдарламасын әзірлеу жұмысына өзі де тікелей қатысқан.

– Бір қыс бойы осы мәселемен айналыстық. Колледж мамандарымен бірге оқу бағдарламасын әзірледік. Бұрынғы мамандардың тәжірибесі өте маңызды. Бірақ қазіргі өндірісте жаңа технологияларды да меңгеру қажет. Сондықтан ескі тәжірибе мен жаңа технологияны қатар алып жүруіміз керек, – деп атап өтті кәсіпорын басшысы.
Кәсіпорын басшысының өндіріс саласындағы тәжірибесі де ерекше. Жанар Серимова өндірістің бірнеше бағытын өзі меңгергенін айтады.
– Өзім технологпын, зертханашымын, диірменшімін, слесармын, электрикпін. Өндіріс болған соң оның әр саласын білуге тура келеді, – дейді ол.
Кәсіпорындағы мамандарды даярлау барысында шетелдік серіктестердің тәжірибесі де пайдаланылған. Зауыттағы негізгі диірмен жабдықтары Түркиядан жеткізілген. Түркиялық мамандар жабдықтарды орнатып, іске қосып қана қоймай, жергілікті қызметкерлерді оқытып, өндірістік процесті меңгеруге көмектескен.
«Жан-Дос KZ» ЖШС негізгі шикізатты Қазақстаннан, соның ішінде Павлодар облысының Успен, Тереңкөл және Ертіс аудандарындағы шаруашылықтардан сатып алады.

Компания өкілдерінің айтуынша, бұл аудандарда сапалы бидай өндіретін ірі шаруашылықтар бар.
– Негізгі шикізатты тек Қазақстанда өндірілген астықтан аламыз. Егер тапшылық туындаса, әрине, Ресейден сатып алуға тура келеді. Бірақ қазіргі таңда бізде астық бар, – деп нақтылады Жанар Серимова.
Компанияның өзіне тиесілі астық сақтайтын қоймалары да бар. Олардың жалпы сыйымдылығы шамамен 4,5 мың тонна.
Алайда өңдеуші кәсіпорындар үшін шикізаттың бағасы мен қолжетімділігі әлі де өзекті мәселе болып отыр.
Жанар Серимова Павлодар облысы Өңдеушілер қауымдастығының төрайымы ретінде бұл мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатқанын айтады.
Оның сөзінше, биылғы қуаңшылық пен астық бағасының өсуі өңдеуші кәсіпорындарға әсер етіп отыр. Әсіресе экспортқа жұмыс істейтін компаниялар үшін шикізат бағасы маңызды фактор саналады.
– Шикізатымыз бар. Бірақ биылғы қуаңшылыққа байланысты жағдай біршама күрделеніп отыр. Егер өңдеушілердің Ресейден астық сатып алуына шектеу қойылса, онда біз экспорттық нарықта бәсекеге қабілетсіз болып қалуымыз мүмкін, – дейді кәсіпорын басшысы.
Оның айтуынша, қазақстандық ұнның шетелдік нарықтарда сапасы жоғары бағаланғанымен, баға мәселесі экспорт көлеміне әсер етеді.
Ресейлік астық пен ұнның кей жағдайда төмен бағамен ұсынылуы қазақстандық өндірушілер үшін бәсекелестікті күшейтіп отыр.
Мұны Түрікменстанмен арадағы сауда көлемінен де байқауға болады.
– Бұған дейін біздің серіктесіміз айына шамамен 15 вагон ұн сатып алатын. Қазір кейде үш айда бір вагон ғана алады. Бұл – елге түсетін валюталық түсімнің де азаюы деген сөз. Шетелдік сатып алушылар біздің ұнымызға қызығушылық танытады, себебі сапасы өте жақсы. Егер баға айырмашылығы 5-10 доллар көлемінде болса, олар бәрібір біздің өнімді алар еді. Бірақ қазіргі таңда айырмашылық тым үлкен, – деді Жанар Серимова.
Кәсіпорын басшысы астық нарығына қатысты шешімдер қабылданған кезде барлық тараптың мүддесі ескерілуі қажет деп санайды. Оның пікірінше, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің де, өңдеуші кәсіпорындардың да тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін теңгерімді шешімдер қажет.
Бүгінде «Жан-Дос KZ» ЖШС өндірісті кеңейтуге бағытталған инвестициялық жобаларын жалғастырып жатыр. Компания экспорттық бағытты сақтай отырып, алдағы уақытта өз өнімдерін Қазақстанның бөлшек сауда нарығына шығаруды да жоспарлап отыр.