Павлодарда «Ұрпақтар сабақтастығы» акциясы аясында қарағай көшеттері отырғызылды

Павлодарда «Ұрпақтар сабақтастығы» акциясы аясында қарағай көшеттері отырғызылды
Фото: автор

Оқушылар мен ата-аналар аумақты көгалдандыруға қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Ұрпақтар сабақтастығы: Бірге еккен бір ағаш» атты шара №47 жалпы орта білім беру мектебінде өтті. Бастама мектеп ұжымын, оқушылар мен ата-аналарды ортақ іске жұмылдырып, қоршаған ортаны қорғаудың үлгісін көрсетті.

Экологиялық акцияға 100 оқушы және олардың ата-аналары мен мұғалімдері қатысты. Мектеп аумағына 50-ге жуық қарағай көшеті отырғызылды. Шараның негізгі мақсаты - жас ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру.

- Бұл шарада ата-аналар, оқушылар мен мұғалімдер белсенді қатысуда. Негізгі мақсат - экологияны аялау және балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру, - деді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алмагүл Омарова.

Сонымен қатар, шараға ата-аналар қатысып, бүлдіршіндерге өнегелі үлгі көрсетті.  Акцияға қатысқан ата-аналардың бірі Нұрлан Қайырұлы бұл бастаманың маңызына тоқталып, бір реттік шара ғана емес, дәстүрлі түрде жыл сайын өткізу керектігін атап өтті.

- Бүгін бірінші сынып оқитын ұлыммен бірге ағаш отырғыздық. Бұл бастама балаларға тәрбие беріп, табиғатқа жауапкершілікпен қаруға баулитын маңызды іс, - деді ол.

Ал 11-сынып оқушысы Айша Жүсіп үшін бұл акция айрықша маңызға ие. Себебі алғашқы түлек болып өз қолымен ағаш отырғызу оған ерекше әсер қалдырды.

- Біз 11- сынып оқушылары ретінде бүгінгі акцияға атсалысып жатырмыз. Бұл жай ғана ағаш отырғызу емес, табиғатты қорғауға әрі қоршаған ортаны көғалдандыруға қосқан үлесіміз деп білемін. Болашақта осы ағаштардың өскенін көру - біз үшін үлкен жауапкершілік әрі мақтаныш, - деді оқушы. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар өскелең ұрпақты еңбекке баулып қана қоймай, отбасылық құндылықтарды нығайтып, қаланың көгалдануына үлес қосады.

Еске сала кетейік, бұған дейін  Усолька шағын ауданында 1200 орындық жаңа мектептің құрылысы басталған болатын.