«Ертіс» Алматыда ойсырай жеңілді
Футболшылардың өрескел қателіктері команданың кезекті сәтсіздігіне әкеп соқтырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарлық «Ертіс» Қазақстан чемпионатында кезекті ауыр жеңілісіне ұшырады. Премьер-лиганың 28-турында Ерлан Шойтымов жаттықтыратын команда Алматыда елдің қазіргі чемпионы «Қайраттан» 0:5 есебімен ойсырай ұтылды. Алайда жанкүйерлердің наразылығын тудырған нәрсе жеңілістің өзі емес, павлодарлықтардың алаңдағы дәрменсіз ойыны болды.
Кездесу салыстырмалы түрде тең басталғанымен, 15-минутта «Ертіс» өз қақпасына гол ұйымдастырып берді. Соңғы ойындарда өз шеберлігіне шамадан тыс сеніп жүрген, бұл жолы капитандық белгімен шыққан Рамазан Кәрімов бұрыштама добын Нұрдәулет Байбосыновпен қысқа пас арқылы орындамақ болды. Алайда Байбосынов допты тым әлсіз қайтарып, қарсыласқа тартып алуға мүмкіндік берді. Алматылықтар бірден қарсы шабуылға шықты. Павлодарлықтардың тірек аймағы дәрменсіздік танытып, қақпашы Мирас Рихард та қақпасынан орынсыз шығып кетті. Нәтижесінде Марк Гуаль допты бос қақпаға бағыттады.
Арада екі минут өткенде Рихард тағы бір өрескел қателік жіберді. Әріптестерінен пас алған қақпашы «Қайрат» шабуылшысы Эдмилсонның алдында дриблинг көрсетпек болып, командасын қиын жағдайға қалдырды. Есеп — 2:0. Екі минуттағы екі қателік «Ертістің» бүкіл ойын жоспарын тас-талқан етті. Бұдан кейін павлодарлықтар психологиялық тұрғыдан да еңсесін тіктей алмады.
Екінші таймда жаттықтырушылар штабы бірнеше ойыншыны алмастырғанымен, жағдай түбегейлі өзгермеді. Алаңға шыққан қарағандылық жас футболшы Тимур Мұхамеджанов жақсы қырынан көрінді. Бойы ұзын, допқа таласта белсенді, әуедегі күресте де сенімді ойнайтын футболшының әлеуеті жоғары екені байқалды. Альхам Нұрлан да жаман әсер қалдырған жоқ. Шабуылда Лео Калил белсенділік танытты. Алайда санаулы ойыншының талпынысы тұтас команданың әлсіздігін жаба алмады. «Қайрат» қонақтардың алға ұмтылып, қорғаныста бос кеңістік қалдырғанын тиімді пайдаланып, есепті 5:0-ге жеткізді.
Ойыннан кейінгі жағдай да сұрақ туғызды. Осы маусымда «Ертістің» тізгінін ұстаған төртінші бас бапкер Ерлан Шойтымов матчтан кейінгі баспасөз мәслихатына қатыспады. Кезекті ауыр жеңілісті түсіндіру міндеті оның көмекшісі Валерий Белгібаевқа жүктелді.
- «Қайрат» — біз жіберген қателіктерді кешірмейтін қарсылас. Бірінші таймда екі минут ішінде жіберілген екі гол жалпы ойын барысына үлкен әсер етті. Жағдайға жедел әрекет етіп, ойыншыларды алмастыруға тырыстық. Бірақ есеп таблода тұр. Қарсыластың деңгейі жоғары, біз оған төтеп бере алмадық, — деді маман.
Чемпионат аяқталғанша «Ертіс» екі кездесу өткізеді. 24 қазанда павлодарлықтар сырт алаңда «Атыраумен» ойнаса, 31 қазанда өз алаңында чемпиондық атаққа қол созым жерде тұрған «Ордабасыны» қабылдайды. Қазір команданы төменгі лигаға түсіп қалу аймағынан небәрі бір ұпай бөліп тұр.