Павлодарда 10 мектепте кабинеттер жаңартылды
Бұл мақсатқа 130 миллион теңге бөлінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласы білім беру ұйымдары қызметкерлерінің тамыз конференциясында білім беру бөлімінің басшысы Куаныш Қыдралин білім беру жүйесі қызметінің нәтижелері, алдағы оқу жылына арналған одан әрі даму векторлары жайлы баяндады.
– 34 мектепте жалпы сомасы 985,5 миллион теңгеге кабинеттер, спортзалдар, санитарлық тораптар, асханалар жөнделіп, терезелер, сумен жабдықтау, кәріз, жылыту жүйлері ауыстырылды. 16 балабақшадағы шатырды ағымдағы жөндеуге жалпы сомасы 95 миллион теңге, 10 мектепте физика, химия, биология, «Жас сарбаз», робототехника, инклюзия, технология, логика, интерактивті панельдер, бейнелеу өнері, бейнестудия, IT-Huр кабинеттерін жаңартуға 130 миллион теңге жұмсалды. Сонымен қатар 13 мектепте 698 миллион теңге сомасына оқушы жиһазы, лэд-экрандар, сенсорлық панельдер, асханаға жиһаз, компьютерлер мен ноутбуктер, интерактивті панельдер, спорттық жабдық және басқа да негізгі құралдар сатып алынды, – деді Қуаныш Қыдыралин.
Жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру есебінен сегіз білім беру нысанында – Қ.Мақпалеев атындағы орта мектепте, Ш.Шөкин атындағы №11, 14, 15, 39, А.Байтұрсынұлы атындағы, М.Әуезов атындағы мектептерде жалпы сомасы 494,6 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Тілдерді кезең-кезеңімен зерделеу шеңберінде 3-сыныптан бастап «Шет тілі» пәні енгізіледі, 4-сыныпта «Көркем еңбек» пәні оқытылады.
«ДосболLIKE» бағдарламасын және «Менің бауырым» волонтерлік жобасын іске асыру аясында мектепте салауатты және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Барлық білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысы «Біртұтас тәрбие» бірыңғай бағдарламасы негізінде жоспарланады. «Цифрлық мұғалім» жобасын іске асыру шеңберінде әлеуметтік осал отбасылардан шыққан білім алушылармен жұмыс жандандырылуда. «Білім беру өзгерістерінің 1000 көшбасшысы» кадр резервінің республикалық базасын қалыптастыру бойынша жұмыс жалғасуда.