Павлодарда ағаш кесіп жатқан үш адамды ток соқты
Оқыс жағдай Усолка шағын ауданында орын алған, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, «Вектор» аялдамасы жанында ағаштарды кесу жұмыстары кезінде ішінде адамдар болған манипулятордың көтергіші құлаған.
– Ағаштарды кесу жұмыстарын жүргізу кезінде манипулятордың көтергіші электр желілеріне тиген. Салдарынан үш адам электр тогынан жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, – деді департаментте.
Олардың екеуі 2002 жылы және біреуі 2000 жылы туған.
112 пультіне қоңырау сағат 09.28-де түскен. Оқиға орнында төрт құтқарушы, апаттар медицинасы орталығынан төрт қызметкер, 102 және 103 қызмет қызметкерлері жұмыс істеді.