Сары маса-шіркей: Павлодар облысының тұрғындары қайда шағымдана алады?
Осы мақсатта тәулік бойы жұмыс істейтін телефон нөмірі іске қосылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармаcы басшысының орынбасары Дияр Қайыркенов мәлім етті.
– 2021-2022 жылдары шағымдардың саны 1500-ге дейін жететін. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша шағымдардың саны шамамен 150 болды. Шыбын-шіркей бойынша жағдайды бақылауда ұстау үшін хабарласуға болатын телефон нөмірі бар. Биыл сол нөмірге 10-ға жуық шағым түсті. Ал, егер әлеуметтік желіні бірге алсақ, шағымдардың саны жиырмаға жетпейді, – деді спикер. – Шағымдар болған жағдайда біз ғылыми топты жібереміз. Олар жағдайды бағалап, шаралар қолданады.
Оның сөзінше, Ертіс, Железин және Ақтоғай аудандарында қансорғыштың қанатты формасы жаппай кездеседі, шіркей басым. Атап айтқанда, шыбын-шіркей Иса Байзақов, Қожамжар, Мүткенов, Сычевка ауылдарының тұрғындарын мазалайды.
Павлодарлық биология ғылымдарының докторы Қанат Ахметовтің сөзінше, бүгінде қансорғыштар екінші даму сатысында. Бұл шыбын-шіркейдің ең максималды ұшып шығатын кезеңі болып саналады.
– Су әлі күнге дейін тұр. Бұл жағдайды қиындатады. Алайда, ғылыми топ оған бейімделіп, жұмыстардың ретін үйлестіріп жатады. Қансорғыштарға қарсы өңдеу тиімділігі 90%-ды құрайды. Бірақ шіркей күн сайын ұшып шығуда. Шыбын-шіркейдің қаптап кетуі күтілмейді, себебі олар күнделікті бақылауда, – деп атап өтті Қанат Ахметов. – Екінші сатысынан кейін шіркейлер өзеннің жанына ғана ұшатын болады. Яғни, адамдарға жоламай, тек жағада ұшады.
Облыс тұрғындары шыбын-шіркейге қатысты шағымдарды жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармаcы іске қосқан нөмірі арқылы жолдай алады: 8 (776) 074-33-94 WhatsApp.