Павлодарда үш жігіт түн ортасында ер адамды ұрып кетті
Олар ер адамның ұялы телефонын алып кетпек болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желідегі парақшалардың бірінде шілденің 1-і сағат түнгі 01.00 шамасында белгісіз үш жігіт ер адамды соққыға жыққаны туралы ақпарат пайда болды. Олар оны тек ұрып қана қоймай, ұялы телефонын тартып алған. Бұл жағдайды көрген екі әйел зардап шеккен адамға көмектесуге барған.
– Біз адамды тепкіге алған үш жігітке қарсылық көрсеттік. Олар кейін біздің күйеулерімізбен ерегесе бастады. Сосын ер адамға телефонын қайтарып, тәртіп сақшыларын шақырдық, – дейді көмектескен әйел адам әлеуметтік желіде.
Жігіттер куәгерлерді көргеннен соң телефонды қайтарған.
Облыстық полиция департаментінде қоңырау сағат 01.25-те түскенін хабарлады.
– Полиция қызметкерлері қақтығысқа қатысушыларды оқиға орнында ұстады. Аталған факті бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде, – дейді баспасөз қызметінде.