Ақтоғайлық оқушылар білімімен туған өлкесінің экологиясына өз үлестерін қоспақшы

Көптеген ауыл мектеп оқушылары халықаралық жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп жүр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биылғы оқу жылында Абай атындағы Ақтоғай орта мектебі толықтай қосымша құрал-жабдықтармен жабдықталды. Қазір қарапайым ауыл мектебінде робототехника мен заманауи еңбек кабинеттері бар.
«Still mind» командасының капитаны Айнура Мұкитова ақтоғайлық оқушылардың жетістіктерімен бөлісті.
– Робототехника кабинетін, роботтарды бірінші рет көргенде көзіміз жанып қалды, шабытымыз оянды да осы робототехника саласында үлкен жетістікке жетейікші деген мақсатымызды қойып, халықаралық робототехника мен инженерия сайысқа қатысып келген болатынбыз. Біріншіден, Астанадан абсолют чемпион болып келіп, Алматыда өткен Орта Азиялық ойындарға жолдама алған болатынбыз. Оған қоса мен, команда капитаны ретінде Германия еліне саяхаттауға жолдама ұтып алдым, – деп бөлісті 11-сынып оқушысы.
Робототехника кабинетінде жас инженерлер роботтарды өз бетінше құрастырып, оларға код жазады.
Сондай-ақ, ауыл балалары роботтарды ойлап табумен қатар, жергілікті экологияға да алаңдаулы.
– «Still mind» командамыз «Таза» деген атты экологиялық жобаны жасаған болатын. Бұл жоба ескі арна көздерін тазалауға, яғни біздің Ертіс өзенімізді тазалауға бағытталған. Өзіміз Ақтоғайда тұрғандықтан, ауыл баласы болғандықтан, Ертіс өзенінің қасында тұрып, бұл мәселені шешу – біз үшін үлкен мақсат. Басқа елдерге қарамай, өз тұрған ауылына үлес қосу – керемет нәрсе, – деп атап өтті Айнура Мукитова.
Ертіс өзенінің түбін тазарту үшін оқушылар тазалау жұмыстарына арнайы орнатылған құрал-жабдықтары бар қайықты ойлап тапты.
Аймақ басшысы Асайын Байханов ауыл жастарының бастамалары мен жетістіктерін қолдап, сәттілік тіледі.
– Технологиялар дамып келеді, біз заман ағымына ілесуіміз керек. Экологиялық мәселелерге алаңдағаныңыз жақсы. Бұл даму орталығы сізге өсуге және жаңа мүмкіндіктерді ашуға талпыныс берсін. Жарыстарда жүлделі орындар алып қана қоймай, өз өнертабыстарыңызбен қоғамға пайдасын тигізуіңізге тілектеспін, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, өнер мектебінде қыздар мен ұлдарға арналған технология кабинеттері заманауи құралдармен жабдықталған. Енді олар автоматты тігін машинасында тігіп, ағаштан ойып, авто бөлшектерін құрастыра алады.
Фото: Есенжол Исабек