Бәйге, күрес, садақ ату: Аққулы ауданының 85 жылдығы аталып өтілді
Ауданның мерейтойы атақты күйші, домбырашы Рүстембек Омаровтың 105 жылдығымен тұспа-тұс келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аққулы ауданында Абай күні, ауданның 85 жылдығы, нар тұлға, атақты композитор Рүстембек Омаровтың 105 жылдығына орай дүбірлі той жасалып, киіз үйлер тігіліп аталып өтілді.
Аққулы ауданының әкімі Руслан Мұқанов ауданның игілігі жолында, туған жердің өркендеуіне адал қызмет етіп келе жатқан әртүрлі сала иелеріне алғыс білдіріп, марапаттады. Сонымен қатар, облыс әкімінің атынан Рүстембек Омаровтың қызы Қарлығаш Омароваға Алғыс хат табысталды.
– Аққулы ауданы – облысымыздың жан-жақты дамып, жаңа көрсеткіштерге ие болып келе жатқан қазыналы мекен. Көлдерінде аққулары мекендеген, тіл үйірер қарбыздармен, алқапты дархан жерімен, өнердің шың жұлдыздарымен, ғалымдарымен, еңбекқор, білікті азаматтарымен ауданымыз көпке әйгілі. Бүгінгі таңда жерлестеріміз ауданымыздың игілігі жолында адал қызмет етіп келеді. Қымбатты ауылдастар, сіздерді шын жүректен ауданымыздың 85 жылдық мерейтойымен құттықтаймын, – деді Руслан Мұқанов.
Айта кетейік, Аққулы ауданының дара тарихының бастауы 1939 жылы қаланды. Тарихи тамырын Лебяжі ауданы атауымен бастап, 2018 жылы Аққулы ауданы атауына ауыстырылды.
Мерекелік шара барысында спорт ойындары, атап айтқанда қазақша күрес, гір көтеру, садақ ату, қой көтеру және де бәйге ұйымдастырылды. Бәйгеге көршілес Абай облысынан, Ақтөбе облысынан, Павлодар облысынан Ақтоғай, Май ауданы мен Ақсу қаласынан шабандоздар келіп, өнерлерін көрсетті.
Сондай-ақ, этноауыл алаңында өңіріміздің жиырма шақты қол өнершілеріміздің туындыларынан тұратын көрме ұсынылды.