Павлодарда еріктілер үш ер адамды іздеуде

Павлодарда еріктілер үш ер адамды іздеуде

Үш адам әртүрлі уақыттарда жоғалып кеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«VITA» іздеу жасағының мәліметінше, әзірге ешбір іздеу жұмыстары, әлеуметтік желілердегі таратқан ақпараттар нәтиже бермеуде. 

– Дмитрий Шиманский өткен жылдың қазан айында жоғалып кеткен. Ол үйінен белгісіз бағытта шығып кеткен. Бәлкім ақша табу мақсатында кеткен болуы мүмкін. Әзірге солай деп сенгіміз келеді. Дмитрий көк түсті күртке, тоқылған жейде, қара шалбар және қара аяқ киімде болған, – деді іздеу жасағында. 

Дмитрий Шиманскийдің бойы – 188 см, шашы ағарған, екі қолында және мойнында татуировка бар. 

Ал, Сайлау Ақбаев өткен жылы 15 желтоқсанда Гагарин көшесі, 66 мекенжайынан белгісіз бағытта шығып кеткен. Бұрынғы әріптестерінің айтуынша, оны сол айдың 20-сы күні №22 мектептің жанынан көрген. 

– Біздің іздеушілеріміз бұл адамды іздеуге шыққан. Ақпараттық қағаздарды жабыстырып шықты. Бірақ ешқандай нәтиже болмады. Біздегі деректер бойынша ол бұрын облыстағы бір шаруа қожалығында істеген. Ол да ақша табуға кеткен болуы мүмкін, – деді іздеу жасағында. 

Сайлаудың бойы – 165 см, қоңыр көзді, шашы бурыл. Ұзындау келген қара күртке, қара шалбар, қара тымақ, қара етік киген. 

Тағы бір адам Ринат Валишев 16 қаңтар күні түнде Ленин көшесі, 55 мекенжайынан жоғалып кеткен. 

– Ринат туралы ешқандай ақпарат біле алмадық. Жағының сол жағында тыртық, иығында «Инь-Янь» татуировакасы бар. Оның сол қолында саусақтары жабысқан. Қысқалау келген қара күртке, қара-көк шалбар, қара тымақ пен аяқкиімде болған, – деді іздеу жасағында. 

Ринат Валишевтің бойы – 175 см, қоңыр көзді, ақ сары шашты.

Еріктілер жоғалған адамдар туралы кез келген ақпарат болса, төмендегі нөмірлер бойынша хабарлауды сұрайды: 

+7 (747) 615 55 63 Катерина

+7 (777) 334 82 01 Светлана

Фото: Константин Шелков және «VITA» іздеу жасағы