Успен ауданында мәдениет үйі жөнделуде
Аталмыш ғимарат өткен ғасырдың ортасында қолданысқа берілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ауданда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында елді мекендерді дамыту бастамасы сәтті іске асуда. Мәселен, ағымдағы жылы Тимирязев ауылында талайдан бері жөндеу көрмеген мәдениет үйі жөнделуде.
Ауыл тұрғындары кейінгі жылдары ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп келгенімен, биыл қолға алынған бастама ең ауқымдысы екенін айтады.
Аудан әкімі Нұрболат Мақашевтың айтуынша, мәдениет үйінің жөндеу жұмыстары биыл наурыз айында басталып, маусымда аяқталуы тиіс.
– Тимирязев ауылының ауылдық мәдениет үйін күрделі жөндеу бойынша мердігер ұйымдардың өкілдерімен жұмыс кездесуін өткіздім. Өндірістік жұмыстар кестесін талқылап, бекіттік. Қазіргі уақытта жұмысшылар ғимараттың сыртқы және ішкі әрлеуінің қайта ретке келтіру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр, – деді аудан басшысы.
Айта кетейік, Успен ауданына қарасты Тимирязев ауылындағы мәдениет үйінің ғимаратын күрделі жөндеуге биыл 168 млн теңге бөлінді. Мердігерлік ұйым – «NamysStroy» ЖШС. Техникалық қадағалау қызметін «Құрылыс инжиниринг орталығы» жүзеге асырады. Сондай-ақ, авторлық қадағалау қызметтері бойынша «Алға» ЖШС-мен шарт жасалды. Жөндеу жұмыстарының ұзақтығы – 3 ай.
Алтынбек Мұқышев