Өнерді өмірімен ұштастырған Павлодар жанұясы сахна төрін сәндеп жүр

Өнерді өмірімен ұштастырған Павлодар жанұясы сахна төрін сәндеп жүр
Фото: Марина Фаустова

Отбасының «Family Lounge» атты дуэты бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Отбасы күніне орай облыстық филармония Иса Байзақов сахнасында тек өнерімен ғана емес, отбасылық құндылықтарымен де елге өнеге болып жүрген жанұяларға құрмет көрсетілді. Жоба иелері – вокалист Марина Фаустова мен барабаншы, фортепианошы Александр Андрющенко.

– Музыка бұл отбасының өмірінде бала кезден бар. Мен небәрі төрт жасынан аспаптармен ойнауды үйреніп, өнерге бет бұрсам, жұбайым жеті жасынан вокалға қызығып, сахнаға шыққан, – деді Александр Андрющенко. 

Александр Андрющенконың айтуынша, екеуінің танысуы да музыка арқылы болған. Павлодардағы бір мейрамханада Александр Андрющенко топпен өнер көрсетіп жүргенде, болашақ жары Марина Фаустова қонақ ретінде келген. Әуен тоғыстырған кездейсоқ сәт кейін тағдырға айналып, өнерлі жанұяның іргесі қаланды.

– Сол сәттен бастап бізді ортақ әуен біріктірді. Әлі күнге дейін бірге ойнап, бірге ән салып келеміз, – дейді Александр Андрющенко.

Негізгі қызметімен қатар ерлі-зайыптылар өздерінің авторлық жобасын да қолға алған. Ол – «Family Lounge» дуэті. Мұнда Александр Андрющенко фортепианода ойнап, Марина Фаустова вокал орындайды. Дуэттің репертуарында джаз да, эстрада да, заманауи өңдеудегі халық әндері де бар.

– Lounge – жеңіл, атмосфералық музыка. Адамға демалыс сыйлайтын бағыт. Біз шағын сахналарда, мейрамханаларда, түрлі іс-шараларда өнер көрсетеміз. Бұл жоба біз үшін коммерция емес, жанымыздың қалауы, – дейді Александр Андрющенко.

Музыка тек сахнада ғана емес, олардың шаңырағында да әрдайым қатар жүреді. Үйде отбасылық кештерде ән айтылып, пианино үні естіледі. Балалар да бұл ортаға тартылып тұрады.

– Үйде шағын концерттер өткіземіз. Балаларымыз қатысып, би билейді. Үлкен қызымыз біраз уақыт вокалмен айналысты, бірақ қазір спортқа ауысты. Балаларымыздың көбі каратэмен шұғылданады. Дегенмен, кішкентайымызды фортепианоға беруді жоспарлап отырмыз, – дейді ол.

Александр Андрющенконың айтуынша, музыка оларды таныстырды, байланыстырды, қазір де отбасының берекесін арттырып отыр.