Павлодар облысында тракторшы, тігінші, шаштараз мамандарына сұраныс жоғары
«Кәсіптік оқыту» жобасына зейнеткерлік жасқа дейінгі жұмыссыз азаматтар қатыса алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жобаға қатысушыларға оқыту үшін ақшалай көмек берілуде, деп хабарлайды. Кәсіптік оқыту – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары шеңберінде жаңа мамандықтар, дағдылар мен біліктілікті арттыру мақсатында кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды қамтитын жоба. Ұзақтығы мамандықтың ерекшеліктеріне қарай алты айдан аспайды.
– Білім беру ұйымдарында жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша оқытылады. Жобаға қатысушыларға 32 681 теңге көлемінде шәкіртақы мен медициналық тексеруден өту үшін екі АЕК мөлшерінде материалдық көмек төленеді, – деді Павлодар қаласының мансап орталығында.
Аталған жобаға қатысу үшін келесі құжаттарды жинау керек: жеке куәлік, білімі туралы диплом, еңбек кітапшасы (бар болса), банктен 20 таңбалы шот, денсаулық жағдайы туралы анықтама.
Аталған жоба бойынша оң мысал ретінде Ақтоты Сариеваның тәжірибесін айтуға болады. Ол кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы аясында жұмыс беруші «Baqytty otbasy» оқу орталығына «Кесу, тігу және киімді модельдеу» мамандығы бойынша кәсіптік оқытудан өткен. Оқуды сәтті аяқтағаннан кейін «Жұрағат Анар» ЖК-ге тұрақты жұмыс орнына орналасты.
– Ақтоты алғашқы күндерден бастап өзін жауапты, тиянақты оқушы ретінде көрсетті. Таңдаған мамандығына жауапкершілікпен қарайды, қажетті ақпаратты тез түсінеді. Оқыған теориялық дағдыларды тәжірибеде еркін көрсетуде, – дейді кәсіпорын басшысы Анар Жұрағат.
Ал Аққулы ауданы Қарақала ауылының тұрғыны Қарияхан Миркасымова «сатушы» мамандығы бойынша жұмыс берушінің жұмыс орнында кәсіптік оқытуға жіберілген.
– Ұтқырлық дәуірінде адамдар өздерін әртүрлі салаларда жүзеге асыруға көбірек мұқтаж. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жаңа мамандықты тез және сапалы меңгеру мүмкіндігін береді. Мен бұл жобаға бірінші жыл қатысып отырған жоқпын, бұл білім алушыларға өндіріс процесіндегі тәжірибеде дағдыларды алуға және кейіннен тәжірибе жинақтай отырып, білім алушыны тұрақты жұмысқа қабылдауға тамаша мүмкіндік, – деді «Кұсманова» жеке кәсіпорынның басшысы.
Бұл кезекте өз қызметін бір жылдан астам жүзеге асырып келетін, жалақы бойынша берешегі жоқ салықтық және басқа да әлеуметтік аударымдарды жүйелі түрде жүргізетін жұмыс берушілер жобаға еркін қатыса алады. Оқытушыға жалақы төленеді және оқыту тегін негізде жүргізіледі. Кейіннен мәлімдеген жұмыс орнына тұрақты түрде жұмысқа орналастырылады.
Бүгінгі таңда облыста кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жұмыс берушілердің сұранысы бойынша оқытуға 320 адам жіберілді. Оның ішінде 135 адам оқытуды аяқтап, 103 тұрғын жұмысқа орналасты. Жұмыс берушінің жұмыс орнында оқытуға 125 адам, оның ішінде 41 тұрғын оқуды аяқтап, 38 адам жұмысқа орналастырылды. Әсіресе тракторшы, тігінші, шаштараз, аспаз, маникюр шебері мамандарына сұраныс жоғары.