Павлодарда ардагер ұстаздарды екі мерекемен қатар құттықтады

Қарттар күні мен Мұғалімдер күніне арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шараны «Достық үйінде» облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы ұйымдастырды. Мерекелік кеш педагогикаға ұзақ жылдарын арнаған, бірнеше буын шәкірт тәрбиелеген, өнеге болған ұстаздарға арналды.
Ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Раисованың айтуынша, бұл кездесудің форматы бейресми болды.
– Бұл кездесу Мұғалімдер күні мен Қарттар күніне орай ұйымдастырылды. Мұнда педагогикалық еңбек ардагерлері, басқарма қызметкерлері және этномәдени бірлестіктердің өкілдері жиналды. Бұл – олардың еңбегіне деген ризашылық пен құрметтің белгісі. Өңір дамуына зор үлес қосқан азаматтарға алғысымызды білдіргіміз келді, – деді Айнұр Раисова.
Салтанатты шараға 30 ардагер ұстаз шақырылды. Олардың арасында басқармада қазіргі таңда еңбек етіп жүрген қызметкерлерге білім берген педагогтер де болды. Ардагерлерге арналған концерттік бағдарлама ұсынылып, құттықтаулар мен алғыс сөздері айтылды.
Шақырылғандардың арасында – 79 жастағы педагогика ардагері, математика мен физика пәнінің мұғалімі, Ақсу қаласының Құрметті азаматы Қаршыға Шаяхметов болды. Ол Қарағанды педагогикалық институтын тәмамдаған соң, еңбек жолын Ақсу ауданында математика пәні мұғалімі болып бастап, кейін мектеп директоры қызметіне дейін көтерілген.
Ветеранның айтуынша, оның мамандық таңдауына соғыстан кейін мектепте жұмыс істеген мұғалім-майдангерлердің жеке үлгісі әсер еткен.
– Ол кезде мұғалім мамандығы ең беделді мамандықтардың бірі болатын. Ауылда барлық адам мұғалімнің сөзіне құлақ асатын. Ұстаз ең сауатты адам саналатын. Мен де ұстаздық жолды таңдағым келді. Соғысқа қатысқан, кейбірі мүгедек болған, бірақ оқытуды жалғастырған мықты ұстаздарды көрдім. Солардың өмірі маған үлкен әсер етті, – деп еске алады Қаршыға Шаяхметов.
Оның ұл-қыздары мен немерелері де ұстаздық жолды жалғастырған.
– Балаларым мен немерелерім де бізге қарап ұстаз болды. Жұбайым екеуміз осы жолда бірге жүрдік – ол 40 жылдан астам уақыт мұғалім болып еңбек етті. Қазір мемлекет мұғалімнің мәртебесін көтеріп жатқанына қуаныштымын, – деді ардагер.
Қаршыға Шаяхметов болашақ ұстаздарға үнемі ізденіп, жаңа нәрселерді үйреніп отыруды, балаларға терең білім беруді, заманауи технология мен жасанды интеллектіні игеріп, заман талабына сай болуға кеңес берді.