Павлодарда жылу желілеріне гидравликалық сынақтар жүргізіледі
Облыс орталығында алдағы жылыту маусымына дайындық аясында жылу желілеріне гидравликалық сынақтар жүргізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Павлодар жылу желілері» ЖШС мәліметінше, сынақ жұмыстары 3 тамызда басталады. Жұмыс барысында қаланың жекелеген аудандарында ыстық сумен жабдықтау уақытша шектеледі.
Кәсіпорын тұрғындарға сынақтардың жүргізілу мерзімдері мен ыстық су уақытша өшірілетін аумақтар тізімін ұсынды. Тиісті ақпарат мекеменің Instagram парақшасында жарияланған.
Мамандардың айтуынша, гидравликалық сынақтар жылу желілерінің беріктігін тексеруге, ықтимал ақауларды алдын ала анықтап, оларды жылыту маусымы басталғанға дейін жоюға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қыс мезгілінде жылумен жабдықтау жүйесінің сенімді әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Осыған байланысты павлодарлықтардан уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарау сұралады.