Павлодарда кейбір нысандарға жеке аудит жүргізуге тыйым салынғаны ескертілді

Павлодарда кейбір нысандарға жеке аудит жүргізуге тыйым салынғаны ескертілді
Фото: pexels.com / Towfiqu barbhuiya

Заңдағы өзгерістерге қарамастан, өңірде бұрын мұндай фактілер тіркелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық кәсіпкерлер палатасында төтенше жағдайлар департаментінің қатысуымен кеңес өтті. Жиын «Атамекен» ӨКП директоры Ерқанат Әбенов пен ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденовтың төрағалығымен ұйымдастырылды.

Кездесу барысында азаматтық қорғаныс саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістер түсіндірілді. Қайрат Шаймарденовтың айтуынша, 2024 жылдың маусымында «Азаматтық қорғаныс туралы» заңның 38-бабына түзетулер енгізіліп, мемлекеттік заңды тұлғаларға тиесілі бірқатар нысандарда жеке аудит жүргізуге тыйым салынған.

Атап айтқанда, мемлекеттік мектептер өрт қауіпсіздігі бойынша жеке компаниялардың аудитінен өтпейді. Бұл талап құрамында азаматтық қызметкерлерден тұратын кәсіби өртке қарсы қызметі бар ірі кәсіпорындарға да қатысты. Олардың қатарында «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС, «Қазақстан алюминийі» АҚ және «Қазхром» ТҰК АҚ-ның Ақсу ферроқорытпа зауыты бар.

Сондай-ақ биіктігі 50 метрден асатын нысандарға, соның ішінде көпқабатты тұрғын үйлерге де жеке аудит жүргізуге болмайды.

– Алайда заңнамадағы өзгерістерге қарамастан, кейбір мемлекеттік нысандарда әлі де аудит жүргізілген жағдайлар болды. 2024 жылы Тереңкөл аудандық мәдениет үйінде, Ақтоғай аудандық ауруханасында және ақпараттық технологиялар колледжінде, ал 2025 жылы «Білім-инновация» лицей-интернатында осындай фактілер тіркелді, – деді Қайрат Шаймарденов.

Оның айтуынша, 2026 жылы Павлодар облысында мұндай жағдайлар тіркелмегенімен, басқа өңірлерде бұл тәжірибе әлі де кездеседі. Осыған байланысты ТЖМ тапсырмасымен республика бойынша заң талаптарын сақтау жұмыстары күшейтілген.

Кеңесте аудит жүргізу қағидаларына енгізілген өзгерістер де талқыланды. Енді аудиттің мерзімі үш айды құрайды.

Ерқанат Әбеновтің айтуынша, бизнес үшін азаматтық қорғаныс саласындағы заңнаманы білу және сақтау маңызды. Осы мақсатта Кәсіпкерлер палатасының алаңында уәкілетті органдардың қатысуымен кездесулер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Сондай-ақ, наурыз айында ТЖД-мен өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және бизнес-қоғамдастықпен ашық диалогты дамыту бағытында меморандумға қол қойылған.