Ата-анасы ішімдік ішкен: Павлодарда үш сәби балалар үйіне орналастырылды
Отбасының балаларына мүлдем қарамайтындығы анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары пәтерде антисанитария екенін және әкесінің мас күйінде бөлмелердің бірінде еденде ұйықтап жатқанын анықтаған.
– Балалардың ата-анасы алкогольді ішімдік ішетіні, оларға мүлдем қарамайтындығы анықталды. Үйде азық-түлік болмаған, санитарлық нормалар сақталмаған, балалардың ұйықтайтын орындары жоқ, бөлмелерде толық антисанитария болған. 2019 жылғы бір бала мен 2021 жылы туған екі сәби емханада есепте тұрмаған, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Арман Қаптаев.
Полиция қызметкерлері мен қамқоршылық органдары кәмелетке толмағандарды дереу балалар үйіне орналастыру туралы шешім қабылдады.
Сондай-ақ кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін 2001 және 2002 жылы туған ата-анаға қатысты ҚР ӘҚБтК 127-бабының 1-бөлімі бойынша әкімшілік материал толтырылып, сотқа қарау үшін жіберілді. Олардың мінез-құлқы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық комиссияда қаралады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда облыстың ішкі істер органдарының есебінде 288 қолайсыз отбасы тұр.
Облыстық полиция департаментінде өмірлік қиын жағдайға тап болған, балалар зардап шегетін немесе зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасылар туралы 102 нөміріне немесе @dp_pavlodar, @polisia_pavlodar парақшалары арқылы дереу хабарласуды сұрайды. Анонимділікке кепілдік беріледі.