Павлодар ауданында тауарлы сүт фермасы салынуда

Павлодар ауданында тауарлы сүт фермасы салынуда
Фото: Оразбек Саяхат

Облыс әкімі Асайын Байханов  Набережное ауылында 1200 сауынды сиырға арналған тауарлы сүт фермасының құрылысымен танысты, деп хабарлайды  Рavlodarnews.kz.  

«Андас Агро» ЖШС ферманы іске қосудың нәтижесінде 80 жұмыс орны пайда болады, жылына 10 мың тоннаға дейін сүт өндіруге мүмкіндік береді. Инвестиция сомасы - 70 млрд теңге. Жобаны жүзеге асыруға 8 млрд теңгеден астам тікелей инвестиция салынған.  Жергілікті жем-шөп дайындау базасы  мен шөп сақтайтын орын, оператор бөлмесі, зертхана  қарастырылған.  

«Андас» ШҚ басшысы Зейнулла Селменбаевтың айтуынша, ферма толығымен металл құрылымдардан салынған, 440 бас сиырды орналастыра алады, екі үлкен қойма тұрғызылған. 

– Жұмысшыларға бір жерден 32 пәтерлік үй сатып алдық. Оларды сол жерге орналастырамыз. Инфрақұрылым жүргізілген. Білікті мамандарды іздеп жатырмыз. Бір-екі адамды сүт өндірісі технологы мамандығына оқуға жіберуді жоспарлап отырмыз. Ниет білдірген жігіттер бар, – дейді Зейнулла Селменбаев.

Облыс әкімі инвестициялық  жобаларды жүзеге асыруға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін атап өтті. 

– Бұл ферманың ерекшелігі – қалаға жақын орналасуы. Сондықтан   инфрақұрылымды ұйымдастыру мәселесін қарастырайық. Әкімдерге, үкіметке де қойылған тапсырмалардың бірі – бизнес саласындағы әлеуметтік жауапкершілігі зор бизнесмендерді, еңбекқор адамдарды қолдау, бизнес саласына инвестиция құю, жұмыс орындарын ашу.  Мұның барлығы ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартады, – деді аймақ басшысы.  

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін өңір басшысы Шақат ауылдық округіндегі еуропалық заманауи құрал-жабдықтар орнатылған Turkey PVL ЖШС құс фабрикасының жұмысымен танысқан болатын. Кәсіпорында шығарылатын өнім 100 пайыз табиғи. Бүгінде  серіктестік Қырғызстан және Өзбекстан елдерімен өзара ынтымақтастық туралы келіссөздер жүргізуде.