Павлодарда неміс өнерінің көрмесі ашылды

Көрмеде Қазақстанда тұрмаған, алайда әлемдік бейнелеу өнерінің дамуына зор үлес қосқан суретшілердің де еңбектері бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Н.Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай музей қорынан неміс өнерінің көрмесі ашылды. 2000 жылдардың басынан бастап облыстық көркемсурет музейі «Возрождение» орталығымен бірлесе жұмыс істеп, жас көрермендер мен аға буын өкілдері үшін көрмелер, іс-шаралар ұйымдастырып, оларды Қазақстанда өмір сүрген неміс суретшілерінің туындыларымен, тағдырларымен таныстырып келеді.
Экспозицияда Владимир Эйферт, Леонард Бруммер, Виктор Буш және басқа да көптеген кескіндемешілер, графиктер және мүсіншілердің туындылары ұсынылған.
Суретшілердің тағдыры әриқилы. Кейбірі 1930-40 жылдары Қазақстанға қоныстанып, тағдырын Отанымыздың тарихымен байланыстырса, енді бір бөлігі соғыстан кейінгі кезеңде басқа елдерге қоныс аударды.
– Сонымен қатар көрмеде Қазақстанда тұрмаған, алайда әлемдік бейнелеу өнерінің дамуына зор үлес қосқан суретшілердің де еңбектері бар. Біз олардың шығармашылығы мәдени мұра мен дәстүрлер сабақтастығының маңызды бөлігіне айналарына сенімдіміз. Баршаңызды құнды мұраға көз жүгіртіп, өнерден рухани азық алуға шақырамыз, – деді облыстық көркемсурет музейінде.
Көрме 3 қыркүйекке дейін жалғасады.