Ақсулықтар үйін ұлттық нақышта безендіріп, ақша ұта алады

Жалпы жүлде қоры 600 мың теңгеден асады, деп хабарлайды @Pavodarnews.kz.
Тұрғын үй ауласында немесе кіреберісте Наурыз мерекесіне орай «Наурыз - бірлік» атты қалалық байқауы жарияланады. Жеңімпаздарды ақшалай сыйлықтар күтеді.
– Наурыз – көршілер арасындағы достық пен жергілікті қауымдастықтың мерекесі. Байқау шарты – кіреберістеріңізді әсем безендіріп, ұлттық нақыштағы көркемдік, тазалық пен бірлікті көрсету. Бұл көпқабатты үйлердің кіреберістерінің сыртқы көрінісін жақсарту, тұрғындардың бастамаларын қолдауға бағытталған, – деді Ақсу қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімінде.
Ақсулықтар байқауға қатысқан кезде кіреберістің санитарлық, жағдайы, ортақ пайдаланылатын орындардың тазалығы, лифт кабиналарының жай-күйі ескеріледі. Кіреберісті безендіру бойынша келесі талаптар орындалуы қажет: дизайнда Наурыз мейрамының белгілері, гүл композициялары мен ұлттық ою-өрнектердің болуы, кіреберісті тазалау жане абаттандыру жұмыстарында тұрғындардың белсенді қатысуы.
– Қабырғаларды көркем, жарқын әрі сәнді безендіруге рұқсат етіледі. Тұрғындар ұлттық дәстүрлі тағамдарды бірге дайындай алады. Балаларға арналған ойын-сауық жане танымдық бағдарламалар ұйымдастыру қажет. Оған ұлттық спорттық ойындар – асық ату, тоғызқұмалақ, жамбы ату, сиқырлы таяқ, шалма ойыны, арқан тартыс, күрес, ләңгі және т.б.енгізу керек, – деп атап өтті бөлімде.
Байқауға қатысу үшін өтінімдерді Пушкин көшесі 72/1, 107-кабинет, электрондық пошта: zhilaksu@mail.ru, WhatsApp: 87082104827 нөміріне жолдау керек. Өтінімдер 14 наурыз сағат 18:30-ға дейін қабылданады.
Қорытынды 21 наурыз күні шығарылады. Сағат 11:00-де байқау комиссиясы қатысушылардың кіреберістерін аралап, бағалайды. Байқау жеңімпаздары 21 наурызда С. Дөнентаев атындағы алаңда жарияланады.
I орын үшін 150 000 теңге берілсе, II орын үшін (екеу) 100 000 теңге, ал III орын (екеу) иелері 70 000 теңгеден алады. «Үздік безендіру», «Үздік бағдарлама», «Үздік мерекелік дастархан» номинациялары үшін 40 000 теңгеден беріледі.