Павлодарда полицейлер оқушыларға қауіпсіздік ережелерін түсіндірді

Павлодарда полицейлер оқушыларға қауіпсіздік ережелерін түсіндірді
Фото: Павлодар облысының полиция департаменті

Мектепте есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға арналған интерактивті сабақ өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Білім күні ведомство бастығының бірінші орынбасары Алмаз Төкенов Павлодар қаласындағы №39 орта мектепке барып, оқушыларды, педагогтер мен ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

Бірінші сынып оқушылары үшін алғашқы қоңырау соғылып, мектеп өмірінің жаңа кезеңі басталды. Салтанатты жиында Алмаз Төкенов білім мен жас ұрпақтың зияткерлік әлеуеті ел дамуының маңызды негіздерінің бірі екенін атап өтті.

– Жаңа оқу жылы баршаңыз үшін қызықты әрі жемісті болып, шығармашылық қуаныш пен жаңа ашылуларға толы болсын. Өз күштеріңізге сеніңіздер, әрдайым сәттілік серік болсын. Білім – сіздердің болашақтарыңыз, үлкен өмірге бастар жолдарыңыз, қазіргі әлемде өз орындарыңызды табуға, еліміздің нағыз азаматы әрі патриоты болуға мүмкіндік беретін маңызды құндылық екенін ұмытпаңыздар, – деді ол.

Полиция өкілі педагогтерге де алғыс білдірді.

– Мұғалімдердің педагогикалық шеберлігі, даналығы мен сабырлылығының арқасында еліміздің болашағы білімді, кәсіби және табысты жастардың қолында екеніне сеніміміз мол, – деді Алмаз Төкенов.

Кездесу барысында қауіпсіздік пен есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға ерекше назар аударылды. Оқушыларға арналған интерактивті сабақ өткізіліп, оларды салауатты және белсенді өмір салтын ұстануға шақырды.

Алмаз Төкенов балаларға спортпен шұғылдануға, жақсы оқуға, кітап оқуға, шет тілдерін меңгеруге және жақындарымен көбірек уақыт өткізуге кеңес берді. Сондай-ақ полиция қызметкерлері балалар мен жасөспірімдерге көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті. Кездесу соңында оқушыларға түрлі-түсті боямақтар табысталды.