Павлодарда кітап оқу мәдениетін дамытуға жаңа серпін берілуде
Интернет дәуірінде кітаптың маңызы артуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 мамыр күні кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі Жарлыққа қол қойғандығына байланысты өңірімізде кітап оқуға деген қызығушылық артуда.
Бүгінде ақпараттың басым бөлігі интернет пен әлеуметтік желілер арқылы таралады. Қысқа форматтағы контентке үйренген қоғамда күрделі мәселелердің мәнін терең түсіну азайып барады. Осыған байланысты кітап оқудың маңызы артып отыр.
ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетов бұл бастаманың қоғам үшін өзекті екенін атап өтті.
– Қазіргі таңда жастар ғана емес, жалпы халық интернеттегі қысқа ақпараттарға көбірек назар аударады. Бірақ мұндай форматта мәселенің терең мазмұны толық ашылмайды. Ал кітап оқу адамға терең білім беріп, ойлау қабілетін дамытады. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда кеңінен насихаттау қажет, – деді депутат.
Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, кітап оқу мәдениетін дамыту – тек білім саласының емес, тұтас қоғамның болашағына әсер ететін маңызды бағыт. Бұл бастама әсіресе жас буынның саналы, білімді әрі зерделі болып қалыптасуына мүмкіндік береді.
Павлодар өңірінде де кітап оқуды насихаттауға бағытталған түрлі мәдени-ағартушылық жобалар мен кездесулер жиі ұйымдастырылып келеді. Мұндай бастамалар жастардың кітапқа қызығушылығын арттырып, оқу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етпек.
Бұған дейін, өңір басшысы қазақстандықтарға павлодарлық жазушының романын оқуға кеңес берген болатын.
Эстафетаны Асайын Байхановқа Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жолдаған. Ол оқырмандарға Әбіш Кекілбайұлының «Аңыздың ақыры» романын оқуға кеңес берген. Өз кезегінде Павлодар облысының әкімі әріптесінің жолдауын қуана қабыл алып, ел тұрғындарына Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» романын ұсынды.
Сонымен қатар, облысыта оқушыларды кітап оқуға қызықтыратын жобалар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – облыс орталығындағы №47 жалпы орта білім беру мектебінде өткен «Оқуға құштар мектеп» жобасы. Жоба «Келешек мектеп» бастамасы аясында ұйымдастырылды. Оған 1–11-сынып оқушылары қатысты. Оқушылар жас ерекшелігіне сай кітаптар оқып, оқырман күнделігін жүргізді, тест тапсырып, шығармаларды бірге талқылады.