Павлодарда өткен Торайғыров оқуларында ең үздік ақын таңдалды
Байқау үш кезең бойынша өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық көркем оқу байқауы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 130 жылдығына арнап өткізілді. Қазақтың ірі тұлғасы, көрнекті ақынның шығармаларын Павлодар, Екібастұз қалаларынан, Май, Ертіс,Тереңкөл аудандарынан келген 13 жас ақын мәнерлеп оқыды.
Бірінші кезеңде байқауға қатысушылар ақынның өлеңдерін жатқа айтып, екінші кезеңде «Қамар сұлу» және «Кім жазықты?» романынан үзінді оқып үшінші кезеңде таңдаулары бойынша өлеңдер оқыған еді.
– Біздің университет бекерден-бекер Сұлтанмахмұт Торайғыровтың есімімен аталмайды, – деп атап өтті ToU ректоры Еркін Садықов. – Ғұмыры қысқа болса да, ол өзінен кейін мақтан тұтарлық үлкен мұра қалдырды. Ұлы жерлесіміздің еңбектерін зерттеп, содан жаңа мағына іздейтін жастардың барына өте қуаныштымын.
Қатысушылар арасынан Ә. Марғұлан атындағы педагогикалық университетінің 19 жастағы студенті Лейла Нұғыман байқаудың жеңімпазы атанды. Осындай әдеби шайқастарда Лейла Нұғыман талай рет қатысып жүр. Ол түрлі қалалық, облыстық және республикалық оқулардың жүлдегері және жеңімпазы.
Енді Лейла Нұғыман Павлодар облысының атынан республикалық сайысқа 28-29 шілде күні Баянауыл ауданына аттанатын болады.