Павлодарда прострел алғаш рет қайта гүлдеді

Павлодарда прострел алғаш рет қайта гүлдеді
Фото: резерваттан

Табиғи құбылыс бірнеше орманшылықта байқалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысындағы «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында прострелдің (Pulsatilla patens) қайталама гүлдеуі тіркелді. Ерекше фенологиялық құбылыс тамыздың үшінші онкүндігі – қыркүйектің алғашқы онкүндігінде байқалған.

Бесқарағай филиалында өсімдіктің қайта гүлдеуі Тайбағар және Майқарағай орманшылықтарынан анықталса, Шалдай филиалында Борабай орманшылығы аумағында тіркелген.

Резерватта прострел әдетте сәуірдің соңы – мамырдың басында гүлдейді. Резерватының ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің басшысы Арман Жүнісовтің айтуынша, соңғы бес жылда мұндай жағдай болмаған. Бұған дейін резерват аумағында да осыған ұқсас фенологиялық құбылыс тіркелмеген.

– Алдын ала мәлімет бойынша, қайта гүлдеген өсімдіктердің үлесі жалпы байқалған прострелдердің шамамен 2-5 пайызын құрайды. Далалық зерттеу кезінде осындай 20-30 өсімдік анықталған. Бұл ретте түрдің жалпы саны мен таралу аймағында айтарлықтай өзгеріс байқалмаған. Жылдар арасындағы ауытқулар шамалы, – деді ол.

Мамандар ерекше құбылыстың ықтимал себебін ауа райының бірнеше факторымен байланыстырады. Вегетациялық кезеңдегі жоғары температура, жауын-шашынсыз ұзақ кезең және кейін түнгі температураның +5…+7 °C-қа дейін төмендеуі өсімдіктің жекелеген дараларында генеративті дамудың қайта басталуына әсер етуі мүмкін.

– Түнгі температураның төмендеуі қайталама гүлдеудің басталуына емес, бүршіктердің даму жылдамдығы мен гүлдеу ұзақтығына көбірек әсер етуі ықтимал. Дегенмен, оның нақты себебін қосымша бақылаусыз анықтау әзірге мүмкін емес, – деді Арман Жүнісов.

Оның айтуынша, жекелеген өсімдіктердің қайта гүлдеуі ересек әрі жақсы дамыған дараларға айтарлықтай кері әсер етпеуі мүмкін. Алайда құбылыс жаппай сипат алып, тұқым түзілсе, өсімдіктің энергия шығыны артуы ықтимал.

Резерватта ағаш-бұта өсімдіктерінің жағдайы мен өнімділігі тұрақты бақыланады. Мониторингке итмұрын, калина, долана және басқа да түрлер кіреді. Қарағайдың тұрақты бақылау алаңдарында бүршіктердің қалыптасуы мен дамуы, тұқым өнімділігі және гүлдеуден тұқымның толық пісуіне дейінгі негізгі кезеңдер жыл сайын зерттеледі. Нәтижелер сол жылғы табиғи-климаттық жағдайлармен салыстырылады.

– Қазір бұл құбылыстың ұзақ мерзімді маңызын бағалау ерте. Оның биылғы жылға тән ерекшелік пе, әлде алдағы уақытта жиі қайталана ма, соны анықтау үшін бақылауды жалғастырамыз, – деді маман.

Мамандар алдағы уақытта тұрақты мониторингті жалғастырып, қажет болған жағдайда уақытша бақылау алаңдарын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Резерват аумағының үлкен болуына байланысты қайта гүлдеген барлық прострелді толық есепке алу қиын.