Қызыл қар: Павлодар облысының өндіріс орындарына қатаң талаптар қойылуы мүмкін
Келесі жылы еуропалық тәжірибеге сүйеніп, жаңа экологиялық талаптар енгізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев Павлодар облысына жұмыс сапарымен келіп, өңір жұртшылығымен жүздесті. Кездесу барысында эколог пен қоғамдық ұйымдардың өкілдері облыстың экологиялық мәселелерін көтеріп, маңызды сұрақтар қойды. Облыстық мәслихат депутаты Асылбек Туғанбай өндірістік кәсіпорындардың жыл сайын шығаратын қалдықтар кесірінен ауаның ластану мәселесі әлі де өзекті және өткір болып қала беретінін атап өтті.
– Өндірістің пайдасынан гөрі зиянын көріп отырмыз. Қыста Зеленстрой жақта қызыл қар жауады, халық күнделікті ащы түтіннің иісін сезетіні үйреншікті жағдай болып қалды. Басқа елдерде түтін шығатын құбырларды қайта құру жасап, түтінді минималды деңгейге жеткізіп, ауаның ластануынан қорғап отырады. Ал бізде жыл сайын 800 тонна қалдық шығады,– деді Асылбек Туғанбай.
Жомарт Әлиев бұл сұрақ экология министрлігі деңгейінде қарастырылып отырғанын жеткізді.
– Павлодар өңірінің экологиялық жүйесі жоғары техногендік жүктемеге ие. Тиісінше, облыста өнеркәсіптік кәсіпорындардың үлкен әлеуетінің болуы эмиссия, төгінділер мен қалдықтар шығарындыларының көлеміне тікелей әсер етеді, – деді вице-министр.
Оның сөзінше 2025 жылдан бастап кешенді экологиялық рұқсаттың болуы туралы талаптар күшіне енеді. Оған сәйкес елдегі 50 ірі ластаушы кәсіпорында ең үздік қолжетімді техникаларды міндетті түрде орнату керек. Кешенді экологиялық рұқсаттарды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган береді.
– Тізімге кіретін кәсіпорынға технология эмиссияның өте қатаң нормативі белгіленеді. Он жылдың ішінде кәсіпорын көзделген нормативтерге жету қажет. Мысалы, жылына 100 тонна қалдық шығаратын өндіріс 2035 жылы нормативтерге сәйкес 40 тоннаға қалдықтарды азайтуы тиіс, – деді вице-министр.
Жомарт Әлиев бұл талаптардың кәсіпорын иелеріне де тиімді болуы үшін ынталандыру қарастырылған.
– Егер де кәсіпорын кешенді экологиялық рұқсатты алса, облыстық бюджетке төлейтін төлемдері өзінде қалады. Қаражатты өз айналымына жіберіп, материалдық жабдықтарды жаңғыртып, алдағы 10 жылға алған міндеттемелердің көрсеткіштерін арттыруға жұмсайды. Бұл механизм барлық жерде, еуропалық заңнамада жұмыс істеп келе жатыр, – деді ол.
Ал кешенді экологиялық рұқсатты алмаған кәсіпорындарға жазалау тәртібі де бар. Олардың төлемдері жылдан-жылға 2, 4, 8 еселеніп, өсетін болады.