Павлодарда жалған куәлік жасаған ақ халатты жауапқа тартылды
Ол мыңнан астам адамнан пара алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің басшылығы қарамағында қызметкерлердің жемқорлығы үшін жазаланды.
Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің ұсынысымен, лауазымдық міндеттерін тиісті орындамағаны үшін облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаменті басшысының орынбасары қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жазаға тартылды. Аталған департаменттің басшысы қызметінен өз еркімен кеткен болатын, сондықтан да жауапкершілікке оның орынбасары тартылған болатын.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жоғарыда аталған департаменттің сертификаттау және лицензиялау бөлімінің басшысы әшкерелеген болатын.
Ол біліктілікті арттыру курстарынан өткендігі туралы жалған куәліктер жасап, қызметкерлерден пара алды деп айыпталуда. Тергеу барысында оның көмекшілері мен жалған куәліктер жасау бойынша жерасты цехы анықталып, 1200 адамға бейінді жоғары оқу орындарында оқығаны туралы жалған құжаттар табылып, тәркіленді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жіберілді.