Келесі жылы Ленин кентінде барлық көшелер жарық болады
Бүгінде көшелердің жарықтандыру көрсеткіші 98 пайызды құрап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков Ленин кентің тұрғындарымен тұрақты кездесуін өткізді. Жиында қала әкімі жергілікті халықтың қойған сұрақтарына жауап беріп, пікірлерін тыңдады. Сондай-ақ, кездесуде Ленин кентінің дамуы талқыланды.
Тұрғындарға жайлы жағдай жасау деңгейі көбінесе жолдардың сапасына байланысты. Бүгінде ауылдағы көшелердің 97 пайыздан астамына асфальт төселді. Әзірге төрт көшенің екі шақырымға жуық жолы жөндеусіз қалып отыр. Оларды келесі жылы асфальттау жоспарланған.
– Жарықтандыру мәселесіне келсек, биыл кенттің тағы 14 көшесі жарықтандырылып, нәтижесінде бұл көрсеткіш 98 пайызға жетті. Қалған 2 көшені 2024 жылдың бюджетін қалыптастыру кезінде қарастырамыз,– деп жазды Хасар Хабылбеков өзінің жеке парақшасында.
Оның сөзінше, Ленин кентінде болған өткен кездесуде республикалық тас жолдың бойына қоршау орнату мәселесі көтерілген болатын. Бұл сұрақ өз шешімін келесі жылда табады: қаражат 2024 жылдың бюджетінде қарастырылған.
Оған қоса тұрғындардың өтініші бойынша дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің шатыры жөнделіп, едені ауыстырылды. Келесі жылы спортшылардың жарыстарға баруы үшін ГАЗель сатып алу жоспарлануда.
Кездесу барысында көтерілген барлық сұрақтар бақылауға алынды және міндетті түрде қаралатын болады.