Ертісте балықты сүңгімен аулаған тұрғын ұсталды
Оқиға орнына балық аулауға арналған құрал-жабдықтар тәркіленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде. Осының аясында анықталған құқық бұзушылықтардың қатарында балық ресурстарын, жануарлар мен өсімдіктердің басқа да түрлерін заңсыз аулау, балық аулау және су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу, заңсыз аңшылық, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау, сондай-ақ орманды аз мөлшерде заңсыз иелену фактілері бар.
Мәселен, Аққулы ауданы аумағындағы Ертіс өзенінің жағасында жергілікті тұрғын балықты сүңгімен аулаған. Тәртіп сақшылары құқық бұзушының жеке басын анықтап, оған балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырды.
Оқиға орнынан резеңке үрлемелі қайық, шам және сүңгі тәркіленді. Жиналған материалдар сотқа жолданды.
Полицияның мәліметінше, браконьерлікке және биологиялық ресурстар нысандарын заңсыз айналымға шығаруға қатысты құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу жұмыстары 20 қарашаға дейін жалғасады.
Айта кетелік, іс-шара басталғаннан бері табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 53 фактісі тіркелген.