Шарбақты ауданында банк шотын бөгде адамдарға берген әйел сотталды
Оның шоты арқылы бір миллион теңгеден астам қаражат аударылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудандық соттың мәліметінше, 1997 жылы туған аудан тұрғынына қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотта анықталғандай, 2025 жылғы қазанда әйел интернеттен ақша табу туралы хабарландыру көрген. Белгісіз адамдардың нұсқауы бойынша банк шотын ашып, кейін оған қол жеткізу мүмкіндігін үшінші тұлғаларға берген.
Осыдан кейін әйел шоттағы ақша қозғалысын бақылауды тоқтатқан. Аталған шот арқылы жалпы сомасы бір миллион 385 мың теңге болатын ақша аударымдары жүргізілген. Банк шотына қол жеткізу мүмкіндігін бергені үшін әйел ақшалай сыйақы алған.
Сот отырысында ол кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін білдірді.
– Сот кінәні мойындауын, жасаған ісіне өкінуін және асырауында кәмелетке толмаған баласының болуын жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді. Сот әйелді ҚР Қылмыстық кодексінің 232-1-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 86 500 теңге айыппұл тағайындады, – деп хабарлады аудандық сотта.
Сот үкімі заңды күшіне енді.