Әзілкеш Данияр Жұмаділов: Кейіпкерлер әпке-қарындастарымның образдарынан алынған

Әзілкеш Данияр Жұмаділов: Кейіпкерлер әпке-қарындастарымның образдарынан алынған
Фото: Константин Шелков

Бұл жайлы әзілқой Данияр Жұмаділов «Ertis promenade» сахнасында HALYQ DAUYSY халықаралық музыкалық фестиваліне дайындық кезінде берген сұхбатында айтты.

Данияр Жұмаділов – белгілі әзілқой, «Спарта» КВН командасының капитаны, қазіргі уақыттағы «Однажды в России» шоуының әртісі. Ол берген сұхбатында өнерге қалай келгені жайлы айтып берді.

 9 жасымда әкемнен гитара ойнауды үйретуді өтінген едім. Ол маған менің балам болсаң, өзің үйренесің деп жауап берген еді. Солай өзім үйреніп алдым. Өнер қанымызда бар қасиет деп ойлаймын. Негізгі мамандығым – актер. Бірақ кішкентай кезімнен ән айтуға деген қызығушылық болды. Халық арасында мектеп бітіргеннен кейін, 2006-2007 жылдары КВН сахнасында таныла бастадым. Өнер көрсетіп жүргенде сахнаға бірден ғашық болдым.  Осылайша «Спарта» командасымен 2017 жылы чемпион атандық, – дейді Данияр Жұмаділов.

Бір қызығы түрлі әзілдерімен көпшіліктің көңілінен шығып жүрген музыкант  әзілді  ұнатпайтынын айтып өтті.

Мен өзім негізі әзілді ұнатпаймын. Көбі жақындап, амандасқан кезде біраз тартынып қалады. Бәлкім, қабағым ашылмай жүретіндіктен болар. Өнерден бөлек өмірде әзіл айтудан қашқақтаймын. Алайда әлеуметтік желілерде түрлі сериялдар түсіремін. Бұл сериялдарда әйел адамдардың рөлін сомдайтын кездер болады. Себебі, мен қыздардың арасында өскенмін. Менің екі әпкем мен бес қарындасым  бар. Сол кейіпкерлердің барлығы осы әпке-қарындастарымның образдарынан алынған, –  дейді ол.

Әзілқой жақын арада Павлодар қаласында концерт беруді жоспарлап отыр.

Қазақстан бойынша өзімді жаңа бағытта сынап, концерт беріп жүрмін. Жақында Павлодарда да жеке концертімді ұйымдастырдым. Бұл кеш Stend Up стилінде өтті, – дейді ол.

Айта кетейік, Данияр Жұмаділов «Ertis promenade» сахнасында HALYQ DAUYSY халықаралық музыкалық фестивалін жүргізген болатын. Сондай-ақ ол павлодарлықтармен трендті бейнежазба түсіріп, әлеуметтік желіде жариялады. Шараның  бас серіктесі - «KAZ MINERALS» тобы.