Павлодарлық ұстаз жолдағы қауіпсіздіктің үш тетігін атады
Оқушылардың 40 пайызы avtobys төлемақы карточкаларын пайдаланады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, Оқу-ағарту министрлігінің қатысуымен өткен форумда Павлодар гимназиясының директоры TEDx форматында өз тәжірибесімен бөлісті.
Астана қаласында министрліктің ұйымдастыруымен Назарбаев университетінің базасында Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары және Астана қаласы мектеп директорларының қатысуымен «Заманауи мектепті басқару: трендтер және болашақ» тақырыбында форум өтті. 1200-ден астам мектеп директоры қатысқан форумда білім беру саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.
TEDx форматындағы интерактивті сессияға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты. Еліміздің бас ұстазы отандық білім беру жүйесін дамытудың маңызды аспектілеріне тоқталып, кадрлық әлеуетті арттыруға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
– Мемлекет басшысының қолдауымен төрт жыл ішінде педагогтердің жалақысы 100%-ға, яғни екі есе өсті. 2023 жылдың қыркүйегінде мектепке дейінгі ұйымдардағы педагогтердің жалақысы 30%-ға өсті. Бұл бағыттағы жұмыстар, яғни педагогтерді қолдау шаралары жалғасады. Биылдан бастап білім беру қызметкерлерін көтермелеу жүйесі, сондай-ақ білім беру ұйымдары басшылары мен олардың орынбасарларының жалақысы қайта қаралатын болады, – деді Ғани Бейсембаев.
Форумда қалалық дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияның директоры Салтанат Шабажанова «Мектептегі қауіпсіз және жайлы орта» тақырыбында TEDx форматында сөз сөйлеп, өз тәжірибесімен бөлісті.
– 2020 жылы өңірімізде бастау алған «Заманауи мектеп» – Павлодар облысы білім беру ұйымдарының BRENDBOOK жобасы негізінде мектеп толығымен жөндеуден өтті. BRENDBOOK жобасының басты артықшылығы білім беру ұйымдарында біркелкі стиль, жайлы атмосфера қалыптастыруға, материалдық-техникалық базасын толықтай жаңғыртуға, жарақтандыруға негізделген. Мектептің қасбетінен бастап, санитарлық тораптарына дейін жөндеуден өткізіліп, замануи стильде безендірілген мектеп жұмыс жасап жатыр. Қауіпсіздікте мен бөліскен ішкі, сыртқы факторлар маңызды, дегенмен қауіпсіздіктің ең маңызды факторы – адам факторы екенін ұмытпауымыз керек. Адам факторы тәрбие саласы мен педагогтердің жауапкершілігімен тікелей байланысты, – деді Салтанат Шабажанова.
Ол мектептің тәжірибесінде баланың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 3 тетікті көрсетті:
- Қоғамдық көліктерде 40,1 %-ы мектеп оқушылары тегін жүретін avtobys төлемақы карточкаларын пайдалануы;
- Мектеп алаңында ата-аналардың 27,1 %-ы көлік тұрағын пайдалануы;
- Жол полициясы күніне 2 мезгіл мектеп жанында кезекшілік жасауы.
Сондай-ақ, мектептегі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін сыртқы және ішкі факторлары, киберқауіпсіздік, тамақтандыру жұмысының барысы, біртұтас тәрбие бағдарламасы жайлы тілге тиек етті.