Павлодар ауылдарында кәсіпкерлер ұялы байланыстың сапасына шағымданды
Салдарынан кассалық аппараттар сапасыз жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Атамекен» ҰКП Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, Павлодар аудандық филиалы ауылдарда бизнес өкілдерімен көшпелі кездесулер ұйымдастырды. Жергілікті бизнес өкілдері өздерін толғандырған мәселелер туралы айтып берді.
Павлодар ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрмағамбетовтың төрағалығымен өткен кездесулерге жергілікті прокуратура, мемлекеттік кірістер басқармасы, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің өкілдері қатысты. Мемлекеттік мекемелердің өкілдері микро және шағын бизнесті тексеруге мораторийдің алынып тастауы, сауда объектілері үшін жалпыға бірдей декларациялау мен мобильді аудармалар жайлы түсіндірді.
– Кәсіпкерлер ауылдық жерлерде мобильдік желінің сапасын жақсартуға қатысты мәселелерді көтерді: мобильдік желімен дұрыс қамтылмауына байланысты сауда объектілерінде бақылау-кассалық машиналар тиісінше жұмыс істемейді, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов.
Кәсіпкерлер жеке кәсіпкерлер үшін электр энергиясының жоғары тарифтері туралы да сөз қозғады.
Кездесулерде айтылған сұрақтарды Павлодар ауданының «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының филиалы жұмысқа қабылдады.