Павлодар облысында үздік колледж аталды

Павлодар облысында үздік колледж аталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оқу орны бірнеше бағалау көрсеткіштері бойынша озып кетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Ақсу қара металлургия колледжі Павлодар облысының «Үздік колледж» атағына ие болды. Бұл мәртебе техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қызметіне жүргізілген кешенді талдау нәтижесінде Павлодар облысының «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы тарапынан берілді.

Колледж қызметі бірқатар негізгі көрсеткіштер бойынша жоғары бағаланды. Атап айтқанда, түлектердің жұмыспен қамтылу деңгейі, дуальды оқыту жүйесіне қатысу, еңбек нарығы сұранысына сай жаңа мамандықтарды ашу, сондай-ақ әлеуметтік серіктестермен өзара тиімді ынтымақтастық орнату басты назарда болды.

Бағалаудағы маңызды көрсеткіштердің бірі – колледж түлектерінің табысты жұмыспен қамтылуы. Бүгінде білім беру ұйымында ERG компаниясымен бірлескен опережаушы қабылдау жобасы іске асырылуда. Бұл жоба өндірістің нақты қажеттіліктеріне сай білікті мамандар даярлауға және білім алушыларды оқу барысында-ақ тұрақты жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Ақсу қара металлургия колледжі Ақсу ферроқорытпа зауытымен тығыз әріптестік байланыс орнатып, өндірістік тәжірибе мен дуальды оқыту элементтерін жүйелі түрде енгізіп келеді. Жұмыс берушілер студенттердің кәсіби құзыреттерін қалыптастыру процесіне тікелей қатысып, болашақ мамандарды нақты өндірістік ортада даярлауға үлес қосуда.

2025 жылы осы ынтымақтастық аясында колледж базасында халықаралық ERG Skills байқауы ұйымдастырылып, студенттер мен оқытушылар халықаралық деңгейдегі тағылымдамалардан өтті. Мұндай бастамалар жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, техникалық және кәсіптік білім берудің тартымдылығын күшейтуге зор ықпал етуде.

Колледж алдағы уақытта да өңірдің индустриялық дамуына серпін беретін білікті кадрлар даярлауды жалғастырмақ.