Павлодарлық оқушылар Ертісте бекіре балығын көбейтуге көмектесіп жүр

Павлодарлық оқушылар Ертісте бекіре балығын көбейтуге көмектесіп жүр
Фото: білім басқармасы

Өңірде ерекше экожоба іске асуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

№8 мектеп-лицейдің 7-сынып оқушылары Алиса Ведерникова мен Арина Коровко сібір бекіресінің Ертісте азайып бара жатқанын біліп, оны көбейтуге өздері атсалысып жүр. 

Оқушылар Павлодарское ауылындағы арнайы аквафермада зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Олар уылдырықты қабылдап, оның инкубациясын бақылайды, кішкентай дернәсілдерді артемиямен қоректендіреді, су сапасын өлшейді, бассейндерді тазартады, жас балықтардың салмағын өлшеп, оларды сұрыптайды. 

Фермада өсірілген шабақтар 30-50 грамға дейін жеткізіледі. Бұл салмаққа жеткен балық табиғи ортада жақсы өмір сүре алады. Осындай жұмыс әрі табиғатты қорғауға көмектеседі, әрі ферма үшін пайдалы: шабақтардың бір бөлігі өзенге жіберіледі, ал қалғаны өсіріліп, сатуға дайындалады. Бұл жобаны тұрақты әрі табысты етуге мүмкіндік береді.

Қыздар уылдырықты арнайы оттегі толтырылған пакеттерде тасымалдаудан бастап, шабақты Ертіске арнайы гофроқұбыр арқылы жұмсақ тәсілмен жіберуге дейінгі барлық процесті өз көздерімен көрді. Ағымдағы жылдың қыркүйегінде олар алғашқы рет бекіре шабақтарын өзенге жіберуге қатысты. Енді келесі жылы жаңа партияны шығаруға дайындалып жүр.

Жоба жетекшісі, география пәнінің мұғалімі Виталий Кожокар да бұл жұмыстың маңызы зор екенін айтады. Оның сөзінше, бұл бастама – табиғатты қорғауға жауапкершілікпен қараудың жақсы үлгісі.