Павлодарлықтар «Саған кітап арнадым» акциясына қатыса алады

Павлодарлықтар «Саған кітап арнадым» акциясына қатыса алады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Шара Республика күніне орай елімізде кең көлемде ұйымдастырылуда,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Игі бастама «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының мұрындық болуымен қолға алынды. Қордың атқарушы директоры Аян Сакошевтың айтуынша, акция оқуды күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыруды көздейді. 

– Республика күні – ел болашағы мен келешек ұрпаққа қалдырар аманат – құндылықтарымызды саралайтын күн. Кітап – ерекше сыйлық, өйткені онымен бірге біз білімімізді, идеямызды және әлемге жаңаша көзқараспен қарау мүмкіндігімен бөлісеміз. «Саған кітап арнадым» акциясы – оқуды күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдырудың қарапайым әрі мазмұнды жолы, – деді ол.

Аталмыш акция облыстық С.Торайғыров атындағы ғылыми-әмбебап кітапхана ұжымы тарапынан қолдау тапты. Кітапханашылардың айтуынша, акцияға қатысу үшін жаңа немесе жеке кітапханаңыздағы жақсы сақталған кітапты таңдау керек. Оның алғашқы таза бетіне жылы лебіз жазып немесе ішіне құттықтау салуды ескертеді.

– Құттықтауда кітапты кімге және кімнен сыйға тартылғаны, сондай-ақ дәл осы кітаптың неліктен таңдалғаны көрсетілуі керек. Әрі ол кітапты жақын адамыңызға, досыңызға, әріптесіңізге, сыныптасыңызға немесе курстасыңызға сыйлауға болады, – дейді кітапханашылар.

Сонымен қатар, осы акцияға қатысушыларға кітап сыйлау сәтімен әлеуметтік желілерде бөлісу ұсынылады. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Саған кітап арнадым» — жай ғана сыйлық емес. Бұл біліммен бөлісудің, жақын жандарға көңіл бөлудің және өзгені кітап оқуға шабыттандырудың ерекше мүмкіндігі болмақ.