Әскери қызметке қызығушылық: Баянауылда мұғалімдер тәжірибе алмасты

Әскери қызметке қызығушылық: Баянауылда мұғалімдер тәжірибе алмасты
Фото: Ш.Шөкин атындағы №2 жалпы орта білім беру мектебі

Ш.Шөкин атындағы №2 жалпы орта білім беру мектебінде «Жас сарбаз – Мәңгілік ел ұланы» атты аудандық алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімдерінің семинары өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі Жадыра Қошланованың айтуынша, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шара мұғалімдерді тіркеу және дала әскери асханасының жұмысымен басталды. 

Аталмыш семинарда  алғашқы әскери және технологиялық дайындық мұғалімі Абылай Баршинбаев 10-сынып оқушыларымен кездесу өткізді. Шара барысында оқушылар әскери қызметке деген қызығушылық танытты. 

– Бүгінгі таңда оқушыларды әскери дайындық негіздеріне үйретудің маңызы ерекше. Себебі, сол арқылы болашақ әскерге шақырылушылардың бойында Отан алдындағы борышын өтеуге деген сезімі оянады әрі жасөспірімдердің соған іштей дайындалып жүруіне мүмкіндік туады. Жалпы, мұндай сабақтар қала мен елді мекендегі білім беру ұйымдарында әскери дайындық пәнін оқытуда оң өзгерістерге жол ашады, – дейді  алғашқы әскери және технологиялық дайындық мұғалімі Қанағат Кошанов.

Дәрісте мұғалімдер өзара тәжірибе алмасып, сабақ барысында туындаған қиындықтарды бірге талқылады, сондай-ақ білім беру үдерісін жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік алды.

Мұндай іс-шаралар педагогтердің біліктілігін арттырып қана қоймай, өскелең ұрпақтың санасын сілкіндіріп, патриоттық рухын күшейтеді. Бөлім басшылығы жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу ісінде ұстаздармен бірлесіп жұмыс істеуге әрқашан да дайын. Осы орайда алғашқы әскери және технология пәнінің мұғалімдері мен білім беру мекемелері арасындағы тығыз жұмыс жасау одан әрі арта береді деген үміттемін, – деді аудандық білім беру бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Гүлнази Нұртаева.

Қатысушылар теория мен практикалық дағдыны бір-бірімен ұштастырды. Сондай-ақ оқушылар  жалпы әскери дайындық ережелеріндегі негізгі өзгерістермен де танысты.  Шара  «Мирас» клубының мүшелері дайындаған қойылыммен  жалғасты. Мектептің түлектері қазіргі күні оқып жатқан және жұмыс істейтін әскери қызметтерінен бейнеролик жіберіп, ұстаздарына Алғыс білдірді.  

Мектептің ардагер ұстазы Александр Паневин аудандық білім беру бөлімінің Алғыс хатымен марапатталды.