Павлодарлық тәртіп сақшылары рингте бақ сынады
Облыстық чемпионатқа барлық күштік құрылымдардан спортшылар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласындағы «Бірлік» спорт кешенінде «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасына арналған полиция қызметкерлері арасында бокстан облыстық чемпионат өтті. Жүлделі орындар үшін департаменттің түрлі қызметтері мен бөлімшелерінен келген 40 үздік спортшы бақ сынады.

Салтанатты ашылу рәсімінде қатысушыларды департаменттің арнайы және кәсіби даярлық басқармасының бастығы Ерік Төлегенов құттықтады.
— Бүгінде полицияға қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жауапты міндеттер жүктелген. Әрбір қызметкер құқық бұзушылықтардың жолын кесу үшін жекпе-жек тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс. Барша спортшыларға сәттілік тілеймін, — деді ол.

Жекпе-жек нәтижесінде өз салмақ дәрежелерінде алтын медальға полиция департементі аппаратының қызметкерлері қол жектізді. Мәселен, 60 келіде Игорь Белоус, 65 келі салмақта Әлібек Үлкенбаев, 70 келіде Жәнібек Сыздықов, 75 келі салмақ дәрежесінде Дін-Мұхаммед Сәрсенбек, 80 келіде Айдар Ташев, 85-те Кенжебек Әзілбеков, 90 келіге дейінгі салмақта Алмас Аспандияров және 90 келіден жоғары ауыр салмақта Азат Ысқақов көш бастады.
— Бұл жарыс тек шеберлікті ғана емес, мінезді де сынайтын мүмкіндік. Күш, жылдамдық және төзімділік рингте де, құқық бұзушыларды ұстау кезінде қызмет барысында да бірдей маңызды, — деді ауыр салмақтағы жеңімпаз Азат Ысқақов.
Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне медальдар, грамоталар және бағалы сыйлықтар табысталды.