Павлодарда қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушілер жауапкершілікке тартылды

Полицияның тұрақты профилактикалық жұмыстарына қарамастан, жүргізушілердің жол ережелерін бұзу жағдайлары әлі де жиі кездеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері облыста қауіпсіздік белдігін тақпаған 1622 жүргізуші анықталды.
– Мысалы, Н. Назарбаев – Амангелді көшелерінің қиылысында ЖБО камералары Jak автокөлігінің жүргізушісін тіркеді, ол көлік жүргізу кезінде қауіпсіздік белдігін тақпаған. Басқа жағдайда, Н. Назарбаев көшесінде сыртқы бейнебақылау камералары «Toyota» маркалы көлігін анықтады. Жүргізуші мен жолаушы қауіпсіздік белдігін тақпаған. Құқықбұзушылар өз әрекеттерін белдікті тағуды ұмытып кетуімен түсіндірді. Осы екі факті бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, – деді ведомствода.
Полиция азаматтарға жол ережелерін қатаң сақтауды, жолда сергек әрі мұқият болуды ескертеді. Себебі қауіпсіздік ережелерін елемеу тек жүргізушінің ғана емес, басқа да жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндіреді.
– Егер жүргізуші қауіпсіздік белдігін өз өмірін сақтайтын құрал ретінде қабылдап, үйіне аман-есен оралғысы келсе, оны тағуы керек. Ал егер белбеуді тағу қолайсыз болса, онда айыппұл төлеуге немесе ауруханаға түсуге дайын болсын, – дейді тәртіп сақшылары.
Полиция «Заң және тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысының қауіпсіздігін сақтау бойынша жұмысын жалғастыра береді. Құқықбұзушылар өз әрекеттері үшін міндетті түрде жауап береді.