Павлодарлық ұстаз: «Қазақ тілін трендке айналдыруды отбасынан бастау керек»

Павлодарлық ұстаз: «Қазақ тілін трендке айналдыруды отбасынан бастау керек»

Мансур Фазылзянов  Павлодар ауданының Кеңес негізгі жалпы білім беру мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді, деп хабарлайды  @Рavlodarnews.kz.

Жас маман 1996 жылы 19 ақпанда Павлодар қаласында дүниеге келген. 4-сыныпқа дейін Аққулы ауданында оқыған, кейін Павлодар қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатында 11-сыныпты бітірген. Еңбек өтілі  екі жылды құрайды. 

– Менің ұлтым – татар. Қазақ тілін бала кезімнен жетік білемін. Себебі, отбасымызда барлығы және достарым да қазақ тілінде еркін сөйлейді. Достарымның арасында ақын жігіттер де бар. Кез келген адам үшін бірнеше тілді білуі – үлкен жетістік. Қазіргі таңда мен өзім қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жақсы білемін, – дейді Мансур Фазылзянов.   

Ол бүгінде мемлекеттік тілді трендке айналдыруды әрбір отбасынан бастау керек екенін айтады.  

– Мен өзім өзге ұлт өкілі болсам да, қазақ тілінде еркін сөйлейтінімді мақтан тұтамын. Өкінішке орай, қазақтардың арасында өз ана тілін менсінбейтіндер де бар, қазақ тілінде қойылған сұраққа өзге тілде жауап береді. Сондай-ақ көбі балаларын орыс тілді мектептерге береді. Мемлекеттік тілдің трендке айналуы үшін жүрегі «елім», «жерім» деп соққан әрбір азамат отбасында қазақ тілінде сөйлеуі керек, – дейді жас ұстаз. 

Мансур Фазылзянов бос уақытында футбол ойынымен әуестенеді және басқа да спорт түрлерімен шұғылданады. Сондай-ақ біліктілігін арттыру үшін ағылшын тілінде түрлі қосымшаларды пайдаланып, курстарға қатысады. 

Аудандық «Ұстаздар аламаны» байқауы, облыстық «Үздік техникалық инспекторлар» конкурсының бірінші орын иегері. Өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді жетік меңгерген 21-35 жас аралығындағы жастар арасында өткен байқаудың бірінші орын иегері.  Шәкірттері де түрлі байқаулар мен олимпиадалар да  үздік нәтиже көрсетуде.