Павлодарлық мұқтаж жандар Германиядағыдай әлеуметтік қызметкерді өздері таңдайды
Әлеуметтік жұмыскерді үйден шықпай-ақ онлайн түрде таңдау мүмкіндігін келесі жылдан бастап енгізу жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференцияда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова мәлім етті.
– Келесі жылдан бастап барлық әлеуметтік қызметкерлер үшін тиісті реестр құрылады. Онда қызметкерлердің біліктілігі, олар көрсететін қызметтердің түрлері мен сапасы және жұмыс нәтижелері туралы ақпаратты көруге болады, – деді Альмира Дисюпова.
Оның сөзінше, мұқтаж адамдар үшін aleumet.egov.kz порталында қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлерді таңдау мүмкіндігі ұсынылады. Басқарма аталған тәжірибені Германия елінен көріп, облысқа енгізуді жөн көріп отыр.
– Бұл қызмет тұтынушыларына бәсекелестік ортада әлеуметтік қызметкерлерді таңдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ұсынылатын қызметтердің біліктілік деңгейін, санаты мен ерекшелігін ескеретін еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі дайындалады. Яғни, әлеуметтік қызметкердің еңбек өтілі мен жан басына шаққанда ұсынылған қызметі ескеріледі, – деп атап өтті ол.
Айта кетейік, әлеуметтік жұмысқа біліктілікті бағалаудың тәуелсіз жүйесінен өткен сертификатталған мамандар ғана жіберіледі.