Павлодарда азаматтық бастамаларға арналған халықаралық форум өтеді

Павлодарда азаматтық бастамаларға арналған халықаралық форум өтеді
Фото: жасанды интеллект

Жиында шетелдік ұйымдар өз тәжірибелерімен бөліседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында Халықаралық волонтерлер жылы аясында инклюзивті бағыттағы халықаралық форум шілде айына жоспарланған. Ауқымды шара Қазақстан мен шетелдік ұйымдардың тәжірибе алмасуына, жаңа серіктестік байланыстар орнатуына және ортақ әлеуметтік бастамаларды дамытуға мүмкіндік береді.

Павлодарға жұмыс сапарымен келген Ұлттық волонтерлік желі заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Татьяна Миронюктің пікірінше, шара волонтерлік саласындағы үздік тәжірибелерді біріктіретін маңызды халықаралық диалог алаңына айналмақ.

Инклюзивті бағыттағы халықаралық форумның Павлодарда ұйымдастырылуы өте маңызды. Көршілес мемлекеттер мен халықаралық серіктестер Қазақстанға келіп, өз жобалары мен тәжірибелерін таныстыруға қызығушылық білдіруде. Мұндай алаңдар жаңа серіктестіктер орнатуға, ортақ жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді, – деді Татьяна Миронюк.

Форумға қатысушылар волонтерлік қызметтің заманауи үрдістерін, әлеуметтік бастамаларды қолдау тетіктерін және жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру жолдарын талқылайды. Сонымен қатар, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қоғам өміріне кеңінен тарту мәселесіне ерекше назар аударылады.

Басшылықтың айтуынша, бүгінде әлемнің кемінде 130 мемлекеті Халықаралық волонтерлер жылы аясында өз тәжірибелерін ұсынып, еріктілер қозғалысын дамыту бағытындағы бастамаларын бөлісуде. Қазақстан да бұл үдеріске белсенді қатысып, волонтерлік институтты нығайтуға басымдық беріп келеді.

Татьяна Миронюк инклюзия тақырыбының форум бағдарламасына енгізілуі кездейсоқ емес екенін атап өтті. Оның пікірінше, ерекше қажеттілігі бар адамдардың әлеуетін ашуға және олардың қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жобалар халықаралық деңгейде бірлесіп қарастырылуы қажет

Мұндай кездесулер тек тәжірибе алмасуға ғана емес, сонымен қатар, жаңа жобаларды бірлесіп іске асыруға жол ашады. Кей жағдайда үлкен қаржылық ресурстардан бұрын ынтымақтастық пен ортақ мақсат маңыздырақ болады, – деді ол.

Форум барысында халықаралық ұйымдар, волонтерлік бірлестіктер мен азаматтық қоғам өкілдері өз жобаларын таныстырып, табысты тәжірибелерімен бөліседі. Бұл өз кезегінде жаңа бастамалардың пайда болуына және өңіраралық әрі халықаралық әріптестіктің кеңеюіне ықпал етеді.

Бүгінде Қазақстанда волонтерлік қозғалыс тұрақты дамып келеді. Ел аумағында 800-ден астам волонтерлік ұйым мен 3000-нан астам бастамашыл топ жұмыс істейді. Халықаралық форум осы ұйымдардың өзара байланысын күшейтіп, жаңа жобаларды жүзеге асыруға қосымша серпін береді деп күтілуде.