Павлодарлық әйелге ұнамай қалған әтірдің ақшасы қайтарылды
Оған бұл мәселені шешуге мемлекеттік орган көмектесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірлік сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, тауарларды қайтару мәселелері бойынша өтініштер тұрақты түрде түсіп отырады.
Сатып алушылардың бірі Павлодардағы дүкеннен 50 мың теңгеге әтір сатып алған. Әтір оған қаптамасыз сатылған. Үйіне барған соң, қала тұрғыны хош иістің өзіне сәйкес келмейтінін түсінген.
– Ол дүкенге жазбаша шағыммен жүгініп, тауарды қайтаруды сұрайды. Алайда сатушы заңда белгіленген мерзімде жауап бермеген, - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңына сәйкес, сатып алушы тауарды сатып алған күннен бастап 14 күн ішінде оны мөлшері, пішіні, габариті, үлгісі, түсі немесе жинақталуы бойынша ұқсас басқа тауарға айырбастауға құқылы. Сондай-ақ, ол тауарды бағасын қайта есептеу арқылы басқа өнімге ауыстыра алады.
Департамент сатып алушыға көмектесуден бас тартпаған, өйткені әтірдің тауарлық түрі сақталған. Оған сотқа дейінгі шағым дайындауға көмектескен. Осы құжатты алғаннан кейін, дүкен сатып алушыға 50 мың теңгені қайтару туралы шешім қабылдады.
Ведомство өкілдері осындай жағдайға тап болған өңір тұрғындарын Павлодар қаласы, Генерал Дүйсенов көшесі, 9 мекенжайындағы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінуіне болатынын еске салды. Сондай-ақ өтінішті E-otinish.gov.kz бірыңғай өтініш қабылдау платформасы, E-tutynushy.kz ақпараттық жүйесі арқылы немесе 8 (7182) 55-10-70 сенім телефоны арқылы жолдауға болады.