Павлодарлықтар жоғалтқан жүргізуші куәлігін қалай қалпына келтіре алады?
Жаңа жүргізуші куәлігін алу процесі небәрі 2 сағатты алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиал баспасөз қызметінің мәліметінше, қолжетімді мемлекеттік қызметтердің арқасында Қазақстанда жүргізуші куәлігін қалпына келтіру процесі жеңілдеуде. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы осындай мәселеге тап болғандарға жедел көмек көрсетілуде.
– Жүргізуші куәлігін қалпына келтіру үшін арнайы қызмет көрсету орталығына жеке куәлік, медициналық анықтама (073/у нысаны) және оның көшірмесі, сондай-ақ психо-наркологиялық диспансерден анықтамалар жиынтығы, мемлекеттік баж салығын төлеу туралы түбіртекпен келу қажет. Жаңа жүргізуші куәлігін алу процесі небәрі 2 сағатты алады. Бұл жүргізушілердің уақытын айтарлықтай үнемдейді. Сондай-ақ қызмет екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы да қол жетімді, – дейді ведомствода.
Егер ескі жүргізуші куәлігі жаңасы берілгеннен кейін табылса, ол заңды күшін жоғалтады және одан әрі жою үшін Торговая көшесі, 2 мекенжайында орналасқан облыстық полиция департаментінің Процессинг орталығына міндетті түрде тапсырылу қажет.
Заманауи мемлекеттік қызметтердің арқасында жүргізуші куәлігін қалпына келтіру процесі жылдам әрі ыңғайлы болды. Бұл Қазақстан азаматтарына туындаған мәселелерді жылдам шешуге және кідіріссіз күнделікті қызметін жалғастыруға мүмкіндік береді.