Павлодар тұрғындары жануарларға қалай көмектесе алады

Павлодар тұрғындары жануарларға қалай көмектесе алады
фото: Константин Шелков

Үйі жоқ жануарларға кез келген адамның көмек көрсету мүмкіндігі бар, деп хабардайды @Pavlodarnews.kz.

«Сириус» қоғамдық қоры бұған дейін жануарларға азық жинау акциясын жариялады. Наурыз мерекесіне орайластырылған шарада төрт аяқтыларға бейжай қарамаған азаматтар табылды.

Қор жетекшісі Наиля Мұсабированың айтуынша, павлодарлықтар ит пен мысықтарға арналған құрғақ азықтар әкелген. 

— Ал қала тұрғындарының бірі иттерімізге сорпа әзірлеп берді. Біз кез келген көмекті қабылдауға дайынбыз. Себебі, төрт аяқты достарымыз пана мен қамқорлыққа зәру. Біздің орталықтағы иттер мен мысықтардың барлығына екпе салынған. Дендері сау, — дейді Наиля Мұсабирова. 

Зооқорғаушылардың айтуынша, жануарларға көмектесудің бірнеше жолы бар.

— Көмек көрсету жолдары қарапайым. Біріншіден, тұрғындар орталығымызға келіп еріктілерге ғимарат ішін жинауға, жануарлармен серуендеуге атсалыса алады. Қазіргі уақытта «Куратор» атты жоба жүзеге асырылуда. Оның аясында павлодарлықтар бір жануарды таңдап, қамқорлыққа ала алады. Мәселен, аптасына бір рет серуендеуге келуге болады. Екіншіден, қорымызға азық әкеле алады. Үшіншіден, еріктілермен  бірге қайырымдылық шараларын өткізуге қолғабыс жасауға болады, — дейді қор жетекшісі.

Еске сала кетейік, жануарларға арналған орталық Әуеқалашықта орналасқан. Қазіргі уақытта бұл орын 72 ит пен 28 мысықтың панасына айналған.