Екібастұз тұрғыны шолақ мылтықпен көшеде жүрген
Нөмірлері жоқ қос ұңғылы шолақ мылтық тәркіленді, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары патрульдеу барысында Қонаев көшесінде 31 жастағы азаматты ұстаған.
– Ер адамнан нөмірлері жоқ қос ұңғылы шолақ мылтық тәркіленді. Ал Ақсу қаласына қарасты шалғайдағы жайылымда 54 жастағы ауыл тұрғынынан нөмірсіз «Mossderg 500 A12ga» маркалы тіркелмеген атыс мылтығы табылып, тәркіленді. Аталған фактілер бойынша сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша процестік шешім қабылданады, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.
Облыста «Қару» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізу нәтижесінде газ, травматикалық қару, мылтық, патрондар алынды. Тұрғындардан заңсыз сақталған 17 қару тәркіленді: төрт шолақ мылтық, алты тегіс ұңғылы мылтық, бір травматикалық мылтық, бес газ қаруы, электрошокер және мылтық қаруына арналған оқ-дәрілер. Сондай-ақ тегіс ұңғылы атыс қаруын өз еркімен тапсыру фактісі тіркелген.
Айта кетерлігі, полицейлер шара қорытындысы бойынша 27 әкімшілік құқық бұзушылық пен сегіз қылмысты анықтады.