Рэперлер Павлодардағы бокс кешінің көркін қыздырмақ

Бұл туралы Fight Nights Global промоутерлік компаниясының президенті Камил Гаджиев айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қаламыздағы «Спорт-сити» кешенінде орналасқан «Бірлік» жекпе-жек сарайында арнайы баспасөз мәслихаты өтті. Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков Ертіс бойындағы қалада осындай ауқымды шараны ұйымдастырғаны үшін ресейлік промоутерге алғысын білдірді.
- Біз Fight Nights Global ұйымына Павлодарды таңдағаны үшін үлкен алғысымызды білдіреміз, - деді әкім. – Мұндай имидждік шаралар спорттың танымалдылығын арттырады. Павлодар дәстүрлі түрде бокс таланттарының өсірілетін ордасы болып табылады, облыста 150 мың адам тұрақты түрде дене шынықтырумен және спортпен айналысады, облыс басшылығы тарапынан барлық қолдаулар көрсетілуде.
Камил Гаджиев ең алдымен павлодарлықтарды Роман Ивановтың Харбиндегі Қысқы Азия ойындарындағы жетістігімен құттықтады – фристайлдан шаңғышы біздің өңірге тарихи алтын медальді жеңіп алды. Ресейлік промоутер Азиада алтыны болашақта Олимпиада алтынына айналатынына үміт білдірді.
– Біздің Павлодарды таңдауымыз кездейсоқ емес: мұнда спорттық дәстүрлер берік, адамдар спортты жақсы көреді. Оның үстіне қалаңыздың спорт белсенділері бізге қарсы ұсыныспен жүгінді. Бұл жерде бокс кешін лайықты өткізу үшін бәрі бар екен. Әрине, Фаниль Рафиковтың павлодарлық болуы шешуші маңызға ие болды, - деп түсіндірді Камил Гаджиев.
Бокс кеші он жекпе-жектен тұрады: Фаниль Рафиков пен Ахмед Әлиев кездесуінен бөлек, рингке Жалғас Жұмағұлов пен қазақстандық жас былғары қолғап шеберлері шығады. Жекпе-жектердің бірі боксшы қыздар арасында өтеді.
Сонымен қатар, сол кеште рингке жастар арасындағы әлем чемпионаты мен Азия ойындарының күміс жүлдегері Ерболат Сабыр шығады. Бұл оның кәсіпқой бокстағы дебюті болмақ. 57 келі салмақта оның қарсыласы астаналық боксшы. Павлодар тұрғыны қолынан келгеннің бәрін көрсетуге даяр.
Шоу-бағдарламада елімізден бөлек, шетелде де атын шығарған павлодарлық рэперлер Niman мен Truwer өнер көрсетеді.
Бокс кеші 27 ақпанда Астана мұз сарайында өтеді. Кеш 18:00-де басталады. Рингтегі жекпе-жектерден бір күн бұрын ұйымдастырушылар атақты адамдардың қатысуымен хоккей шоу матчын өткізуге уәде беріп отыр.
Бокс кешінің билеттері мінберде 2500 теңгеден, партерде 25 000 теңгеге дейін. Оларды ticketon.kz платформасында сатып алуға болады.
Егер бәрі жоспарға сай болса, Павлодарда мұндай бокс кештерін жыл сайын өткізу жоспарлануда.