Железин ауданында диқаншы дрон арқылы алқаптарын өңдейді

Железин ауданында диқаншы дрон арқылы алқаптарын өңдейді
Фото:pixabay.com/ DJI-Agras

Әуе көмекшісі 10 минут ішінде 5 гектарды өңдеп үлгереді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Еңбек өнімділігін арттыру және ауыл шаруашылығы жұмыстарын уақтылы жүргізу мақсатында Михайлов ауылдық округінде орналасқан «Қуаныш-Агро» ЖШС заманауи дронды сатып алды. Ұшқышсыз ұшу аппараты бір рейсте 40 литрге дейін ерітіндіні көтеріп, небәрі 10 минут ішінде шамамен 5 гектар жерді өңдеуге қауқарлы. Шаруа дронды арамшөптерге, зиянкес жәндіктерге қарсы өңдеу және тыңайтқыштарды бүрку үшін қолданады. Дронның құны - 10,5 миллион теңге.

Мұндай технологияларды енгізу ауыл шаруашылығының тиімділігін арттырып, еңбек шығынын азайтуға мүмкіндік береді.

«Қуаныш-Агро» ЖШС дәнді және майлы дақылдарды өсірумен айналысады.  Жалпы егіс алқабы 3341 гектарды құрайды, оның ішінде күнбағыс 2310 гектар жерге егіледі. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 1590 гектарға артық. Ал, бидай 1031 гектарда егіледі, былтыр 1995 гектар алқапқа бидай егілді. Өнімділігі гектарына 7 центнер, түсімі 1396,5 тоннаны құрайды. Күнбағыс 720 гектарда егіледі. Оның өнімділігі де гектарына 7 центнер, жалпы түсімі 504 тонна.

Ұшқышсыз ұшу аппараты бес минут ішінде қуатталады. Бұл дрондар Павлодар облысының басқа шаруашылықтарында да қолданылады. Мысалы, Павлодар ауданының Григорьевка ауылындағы шаруаларда осындай әуе көмекшісі бар.